Жарияланды: 200

Петропавлдағы көп қабатты 19 үй апатты жағдайда тұр

Петропавлдағы көп қабатты 19 үй апатты жағдайда тұр

Петропавлдың қақ ортасында көп қабатты 19 үй апатты жағдайда тұр.

Өткен ғасырдың ортасында салынған ғимараттардың әбден тозығы жеткен. Қазір бұл үйлерді 150 отбасы паналап отыр, деп хабарлайды Хабар 24 арнасы.

Петропавл қаласының орталығындағы 1 май көшесіндегі 4 бірдей тұрғын үй апаттық деп танылған. Соған қарамастан оларда 40 шақты отбасы өмір сүріп жатыр.

78 жастағы Шәмшібану Шорина 2010 жылы ауылдан қалаға көшіп келіп, осы үйді сатып алды. Содан бері пәтерін жыл сайын жөндейді. «Тіпті бір күні сымдар тұйықталып, жанып кете жаздадық», – дейді зейнеткер. Өйткені қабырғалар дымқыл.

Шәмшібану Шорина, қала тұрғыны:– Күллі үйдің қабырғалары бәрі су болады. Су болып, бәрі ағыл-тегіл үйдің іші ылғал. Дүниеміз де шіріп бітті. Көрмеген нәрселерді көріп жатырмыз. Қайтеміз әйтеуір барар жер жоқ. Амалсыз көніп жатырмыз бәріне.

Бұл үй 50-жылдары салынған. Қазіргі қалпы сын көтермейді. Едені шіріп, қабырғалары қаусап тұр. Шатырынан су ағады. Тұрғын үй апаттық деп танылды. Жоспар бойынша биыл бұзылуы тиіс.

Дәулет Қалиасқаров, қалалық тұрғын үй инспекциясының басшысы: – Қазір құрылыс бөлімімен жобалық құжаттар дайындалып жатыр. Ол бойынша 4 апаттық үйдің орнына 93 пәтерлі үй салынады. Сонда тұрғындарға пәтер беріледі.

2016 жылы қалада апаттық және ескі үйлерді бұзу бағдарламасы қабылданды. Әзірге ол бойынша бір-ақ үй сүрілді. Сондықтан мәселенің қашан түбегейлі шешілетінін дөп басып айту қиын.

Закрыть