Жарияланды: 100

Қазақстан білім индексі бойынша 35-орында

Қазақстан білім индексі бойынша 35-орында

Ведомство мәліметінше, 149 мемлекеттің ішінен барлық параметр бойынша Қазақстан 72-орынға ие болды.

Legatum Institute халықаралық зерттеу орталығы 2017 жылдың қорытындысы бойынша гүлдену индексін жариялады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Рейтинг Біріккен Ұлттар Ұйымы, Дүниежүзілік банк, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы, Дүниежүзілік Сауда ұйымы, Gallup, Economist Intelligence Unit, IDC, Pyramid Research ұсынған статистикалық деректер бойынша жасалған. Индекс экономика, кәсіпкерлік, басқару, білім беру, денсаулық сақтау, қауіпсіздік, жеке бостандық, әлеуметтік капитал, экология секілді қоғам өмірінің аспектілері мен қоғамдық әл-ауқаттылық параметрлерін көрсететін көрсеткіштер негізінде шығарылған. Бұл зерттеуге Қазақстан 2006 жылдан бастап қатысады және осы уақыт бойы біз 20 орынға жоғарыладық, ал өткен жылмен салыстырғанда Қазақстан 83-орыннан 72-орынға, яғни 11 позицияға алға жылжыды", - деп хабарлады БҒМ өкілдері.

Барлық ТМД елдерінің ішінен 26-орынды иеленген Ресейге ғана жол беріп, білім индексі бойынша Қазақстан 35-орын алды. Сонымен қатар, Legatum Institute деректері бойынша, білім деңгейі бізде Қытай мен Түркияға қарағанда жоғары.

"Қазақстанның гүлдену индексіне келтірілген түсініктемелерде Қазақстанда білім деңгейі мықты екендігі көрсетілген. Бұл еліміздің әрдайым Білім санаты бойынша 40 мықты елдер қатарында болуымен дәлелденеді. Мемлекетіміз Орталық және Батыс Азия бойынша білім саласында үздік деп танылды және 2011 жылы ЮНЕСКО "Баршаға арналған білім" индексінде бірінші орын алды", - деді министрліктегілер.

Есепке сәйкес, Қазақстандағы білім деңгейі орташа әлемдік деңгейден және Тәжікстан мен Қырғызстан деңгейінен әлдеқайда асып түседі.

"Жетістіктер кездейсоқ емес, себебі "Қазақстан 2050" бағдарламасы аясында Қазақстан халықтың сауаттылық деңгейін 99,8 пайызға дейін көтеру және халықтың бастауыш сыныптарды 100 пайызға аяқтауы үшін зор күш салып жатыр. Білім теңсіздігі көрсеткіші өте төмен, ал қыз балалар мен ер балаларды қамту коэффициенті әлемдегі ең жақсыларының бірі. Барлығы үшін тегін және міндетті орта білімнің болуы мемлекеттің орта білімнің ең жоғары көрсеткішіне жетуін қамтамасыз етті. Сонымен қатар, мектепке дейінгі оқыту бағдарламасын кеңейтіп, келесі онжылдықта Қазақстан білім берудің барлық деңгейінде ірі реформалар жүргізуді жалғастырмақ", - деді министрліктің баспасөз қызметіндегілер.
 

Пікір қалдырыңыз

[X]