Қазақстанда ислам қағидаларына сай ипотекаға деген үміт бар - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+13 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстанда ислам қағидаларына сай ипотекаға деген үміт бар

Қазақстанда ислам қағидаларына сай ипотекаға деген үміт бар

Қазақстандағы екінші деңгейлі банктердің ипотекаға ұсынатын пайызы тым жоғары екені айтпаса да белгілі.

  • 17 Наурыз 2017
  • 2266
Фото - Caravan.kz

Тіпті, есептей келсек, ипотека алған азамат үйдің ақшасын бір, сол үйдің бағасына тең пайызды тағы төлейді екен. Үкімет еліміздегі ипотеканың пайызын азайту үшін әртүрлі бағдарламалар әзірлеп, оны іске қосуға дайындалып жатқанын бұдан бұрын да хабарлағанбыз, деп жазады ҚазАқпарат.

Инвестициялар және даму министрлігі Құрылыс жəне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов екінші деңгейлі банктердің көкке ұшқан пайыздарын айта келе, қазақстандықтарға арзан ипотека берудің амалын айтқан болатын. «Мемлекет ипотеканың құнын азайту үшін жаңадан салынған үйлерден пәтер сатып аламын деген кісілерге 10 пайызбен, ал жеке үй саламын деген азаматтарға 5 пайызбен ипотека береді. Бұл ипотекалар «Қазақстан Ипотекалық компаниясы» АҚ арқылы субсидияланады», — деген еді Мархабат Жайымбетов өз баяндамаларының бірінде. Бір ғана біздің сайтымыздағы бұл ақпаратты тәулік ішінде 15 мыңға жуық азамат оқып, өте көп сауал жолдаған. Баспана алудың жолдары қазақстандықтар үшін өте өзекті мәселе екенін ескере келе, арзан ипотекаға қатысты тағы бір үміттің ұшқынын жан-жақты баяндауды жөн санадық.

Айтып отырғанымыз — шариғат заңына сай ипотека алудың үміті. Астанада өткен «IFN ТМД» форумында, яғни, ТМД мемлекеттеріндегі ислам қаржыландыру жүйесінің бүгіні мен болашағы талқыланған форумда алғаш рет Қазақстанда шариғат аясында ипотека беру мүмкін екені айтылды.

Қазақстанда шариғат бойынша ипотека беруді көздеп отырған қаржы институты, ол — Al Hilal Bank. Бұл банк ислам тәртібі бойынша қаржыландыру туралы заң қабылданғаннан кейін, Қазақстанда ашылған алғашқы жекеменшік ислам банкі. Іс жүзінде банк жеті жыл бұрын, құжат бойынша он жыл бұрын ашылған.

«Бұл банк — 100 пайыз Әбу Даби үкіметіне тиесілі банк. Құрылғаннан бері не істедік дегенге келер болсақ, біз 2007 жылы лицензиямызды алдық. Алайда, жұмыс 2009 жылы басталды деуге болады. Себебі, 2009 жылы Қазақстан ең ауыр экономикалық дағдарысты бастан кешірді. 2 ірі банк проблемалы деп танылды, сондықтан, Қазақстанның үкіметі әрі қарай даму үшін ол банктерді жекеменшікке беру туралы шешім қабылдады. Дәл сондай сәтте халықаралық ұйымдардың көбі келе қоймайтын еді. Бірақ, біз келдік. Және де мұндағы мүдде қысқа мерзімді емес, ұзақ мерзімді болды. Мақсатымыз — ТМД елдері арасындағы ислам банктерінің имиджін жақсарту болды. Әрине, ол кезде бұл қадам өте қауіпті еді, алайда, инвестиция өзін ақтады. Жеті жыл ішінде қиындықтар болғаны рас. Жеті жыл бұрын Қазақстандағы жалғыз ислам банкі едік, жеті жыл өткеннен кейін де солай болып отыр. Бірақ, бұл жерде үлкен төзім керек. Себебі, ислам банктерінің тарихына үңілсек, қазіргі ислам банктерінің ең алғашқысы 1975 жылы Дубайда ашылған, 1977 жылы Бахрейнде ашылды. 1979 жылы Кувейтте тұңғыш ислам банкі ашылған еді. Ал, БАӘ-дегі екінші банк 1992 жылы ашылды. Яғни, 20 жыл бойы еш өзгеріс болмады деген сөз. Қазақстанда небары жеті жыл өтті. Сондықтан, ең маңыздысы, Қазақстан үкіметі тарапынан қолдау бар, ниет бар. Әртүрлі сарапшылар тоғысқан жұмыс тобы бар»,-дейді БАӘ-дегі Al Hilal Bank-тің бас операциялық директоры және Қазақстандағы Al Hilal Bank-тің директорлар кеңесінің мүшесі Прасад Абрахам.

Міне, осы Al Hilal Bank биыл Қазақстанның ритейл-нарығына (көтерме сауда көлеміндегі бөлшек сауда) шығуды көздеп отыр. Яғни, банк өз тетіктерін бөлшек саудаға енгізіп, ислам тәртібіне сүйенген депозит пен ипотеканы іске қосуды жоспарлап отыр. Банк өкілдерінің айтуынша, алғашқы екі-үш жыл ішінде банк бұл қызмет түрлерін шектеулі мөлшерде ұсынады. Қазақстанда шариғат заңына сай ипотека мен депозит берудің тағдыры да осы ілкі жобалардың нәтижесіне қарай шешіледі.


«Алдымен, ислам депозиттерінен бастаймыз. Ал, жыл соңында тұтынушылар үшін ипотека беруді көздеп отырмыз. Егер Қазақстанға енгізейік деп отырған бұл тәжірибеміз нәтижесін берсе, онда ТМД-ның өзге елдеріне шығамыз»,-дейді Прасад Абрахам.

Енді, Прасад Абрахамның сөзіне сүйене отырып, исламдағы ипотеканың шарттарын түсіндірсек. Ислам қаржыландыру жүйесіндегі ипотека дегеніміз — банк баспананы өз меншігіне сатып алады да оны жалға береді. Қазақстанда жекеменшікке салынатын салық бар, жеке тұлғалар үшін салық көп емес, ал заңды тұлғалар үшін мүліктің 1,25 пайызы салық ретінде алынады. Осылайша, шығын да 1,25 пайызға артады. Банк осы шығынды өз мойнына алады.

Прасад Абрахамның айтуынша, 2017 жылдың соңына қарай, банк шариғат аясында ипотека беруге шындап кіріскен кезде, оның тетіктері қосымша талқыланып, түсіндіріледі.

Ал, жалпы, Қазақстанның қаржы сарапшылары 2025 жылға қарай ислам қаржыландыру жүйесінің еліміздегі бүкіл банк секторындағы үлесі 10 пайызға жетеді деп болжап отыр. Қазір ол тек 0,1 пайызды құрайды.

«2025 жылға қарай Қазақстандағы бүкіл банк активтерінің үлесіндегі исламша қаржыландырудың салмағы 5-10 пайызға жетеді. Бұл — өте үлкен көрсеткіш болар еді. Қазір «Астана халықаралық қаржы орталығы» мен Қаржы министрлігінде «Сукук» мәселесі (сукук — облигациялардың исламдық баламасы) қызу талқыланып жатыр. Жақын арада, «сукук»-пен жұмыс істейтін мүмкіндік туады деп ойлаймын. «Астана халықаралық қаржы орталығының» бұл қызметке қатысты жұмысы көп елдерді қызықтырып отыр. Келер екі жыл ішінде Ислам даму банкі Қазақстанға 300 млн доллар инвестиция құймақ. Сондықтан, «Астана» қаржы орталығы осындай инвестицияның бір «терезесіне» айналғысы келеді »,-дейді «Астана» қаржы орталығының басшысы Қайрат Келімбетов.

Жалпы, осы мақсаттардың бәрін қосқан кезде, Қазақстан 2020 жылға таман ТМД мен Орталық Азиядағы ислам банкингі бойынша негізгі хабқа айналуды көздеп отыр.   

 

Соңғы жаңалықтар