Жарияланды: 100

Қазақстанда мұғалімдердің апталық жүктемесі талқыланды

Қазақстанда мұғалімдердің апталық жүктемесі талқыланды

Қазақстанның ата-аналар қауымдастығы, мұғалімдер және мектеп директорлары мұғалімдердің апталық жүктемесін азайту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі ҚР БҒМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Білім саласы мәселелері мен онда болып жатқан өзгерістерді министрліктің жүйелі түрде талқылай бастағаны бізді қуантады. Біздің ұсыныстарымыз әлдеқашан пісіп-жетілген мәселелер, - деп мәлімдеді қауымдастық өкілі Софья Евдокимова. - Мәселен, бүгінде оқушыларға түсетін жүктеме өте үлкен. Осы орайда, ең алдымен Қазақстандағы 300 мың мұғалімнің жүктемесін азайту қажет деп есептейміз. Қазіргі уақытта олардың жүктемесі аптасына 18 сағатты құрайды, оны кем дегенде 2 сағатқа азайту қажет. Сыныптарда оқушылардың көп болуына байланысты, педагогтардың тәрбиелік жұмыс жүргізуге уақыттары жетпейді. Министрлікті жұртшылықпен, мұғалімдер кәсіподағымен және депутаттардың қатысуымен басқа да мәселелерді талқылауды жалғастыруға шақырамыз».

Астанадағы №77 мектеп директорының орынбасары Айман Сүбебаеваның айтуынша, мұғалім жүктемесін 2 сағатқа азайтудың және оның жалақысын сақтап қалудың бірден-бір жолы - жоғары сынып оқушыларының апталық жүктемесін 39 сағаттан 35 сағатқа дейін, негізгі және бастауыш мектеп оқушыларының оқу сағаттарын да осыған пропорционалды түрде қысқарту. Олай болмаған жағдайда облыстар мен қала мектептерінде көптеген жаңа оқу орындары ашылуы тиіс, оған қаражат та, мүмкіндік те әзірге аз.

«Бұл идея жоғары сынып бағдарламаларын 5 күндік оқу аптасына күніне 7 сабақтан асырмай сыйғызуды талқылау аясында да қарастырылды. Оны жүзеге асыруға болады, тек типтік оқу жоспарларын ғана ауыстыру қажет», - деді ҚР БҒМ мектепке дейінгі және орта білім департаменті директорының орынбасары Айнұр Маусымбаева.

Ата-аналар мен педагогтардың өзара әрекеттестігін нығайту шараларын ұсынған Софья Евдокимова қауымдастықтың биылғы көктемде әр мектептің әр сыныбында жүргізіліп жатқан ата-аналар чаттары арқылы ең өзекті мәселелер туралы ақпарат тарату бастамасын жариялады.

«Жаз бойы ата-аналарға бала жадының қалай жұмыс істейтіндігі, критериалды бағалау, шет тілдерін оқудың пайдасы, сыни көзқарас дағдыларын дамыту және өзге де тақырыптар бойынша оннан астам фильм таратылды. Сонымен бірге, ата-аналарға 15 түсіндіру хаттары мен сұхбат жіберілді. Қазір сабақ кестелерінің тиімді үлгілері, қамқорлық кеңестерінің жұмысы, спортшы оқушыларды дене шынықтыру сабақтарынан босату және т.б. тақырыптардағы 30-дан астам шағын фильм әзірленіп жатыр. Мұндай ақпарат топтамасын тек ата-аналарға бағыттап отырмыз. Олардың барынша пайдалы, сенімді әрі қызықты ақпарат алуы біз үшін маңызды», - деп өз сөзін түйіндеді С.Евдокимова.


 

Пікір қалдырыңыз

[X]