"Қазақстанның тыңшысы" деген айыппен сотталған күйеуімді елге қайтаруды сұраймын - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+8 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Қазақстанның тыңшысы" деген айыппен сотталған күйеуімді елге қайтаруды сұраймын

"Қазақстанның тыңшысы" деген айыппен сотталған күйеуімді елге қайтаруды сұраймын

Көршілес Қытай билігінің жергілікті аз ұлттарға (соның ішінде этникалық қазақтарға ) жасап жатқан саяси қысымы туралы біраз уақыттан бері жазып келеміз. Алғашқыда бірлі-жарым жағдай БАҚ-та жария болғанымен, Қытай билігінің қысымына ұшырап, ресми Астанадан араша сұраған қазақтың саны күн санап артып келеді.

  • 9 Тамыз 2017
  • 1233
Фото - Caravan.kz

Бұл жайттардан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та құлағдар болды. Енді Сыртқы істер министрлігі мен өзге де құзырлы органдар құлық танытса, алыстағы ағайынға араша түсер ме едік…

«Abai.kz» ақпараттық порталының редакциясына жағдайын айтып, көмек сұраған ағайынның саны күн санап өсіп келеді. Барлығының басында бір хәл: қытай билігінің қудалауына түскен қазақтың жайы.

Соның бірі Фарида Қабылбек. Өзі және балалары Қазақстан Республикасының азаматы. Күйеуі 2004 жылы Қытайдың Шыңжаң аймағында, Бұратала облысы, Арасан ауданында 13 жылға сотталып кеткен. Енді бірер айда басына бостандық береді екен. Фарида ханымның Қазақстан билігінен сұрайтыны – күйеуін елге қайтарып алу ғана.

Біз жазықсыз сотталып кеткен күйеуін күтіп зарығып отырған кейуанамен хабарласып, мәсәленің мән-жайын сұрап білдік.

"Күйеуімді "Қазақстанның тыңшысы" деп, 13 жылға соттап жіберді"

Фарида Қабылбек:

— Мен Фарида Қабылбек, 1963 жылы ҚХР, Шыңжаң аймағында, Бұратала облысы, Арасан ауданында туғанмын. Күйеуім – Зейнолла Рақыжан. Қазақстанның ықтияр хаты бар еді. Екеуіміз бір ауданда, бір ай, бір жылда туғанбыз. Бір ұл, бір қызым бар.

Мен және ұлым мен қызым 2004 жылы Қазақстан Республикасының азаматтығын алып алдық. 2004 жылы күйеуімнің құжаттарын тапсырып қойып, 1 ай ғана уақыт қалды деген соң, ол жақтағы туыстарды көріп қайтуға, Қытайға бардық. Сол жерде күйеумді Қытай билігі тұтқындап, соттап жіберді.

Сондағы таққан айыбы – Қазақстанның тыңшысы деген айып. Сот үкімінде дәл солай жазылған.

Жағдайымды айтып, Астанаға 15 рет бардым. Сыртқы істер министрлігі де, басқа да құзырлы мекемелер менің жағдайымнан хабардар. Тіпті болмаған соң, Қытайдың астанасына да барып, ондағы ағайыннан араша сұрадым. Түк шықпады.

Енді міне, 1 айдан соң күйеуім бостандыққа шығады. Ендігі сіздерден сұрайтыным, сол күйеуімді Қазақстанға әкеліп беріңіздерші. Қытайдағы ағайыннан білгеніміз: ол жақтағы билік Зейнолланы Қазақстанға жібермейтін әрекет жасап жатыр.

Енді сорлы басымды сопитып сол Қытайдың алдына қайта барамын ба?! Күйеуімнің ықтияр хатының мерзімі өтіп кеткен. Бірақ, сотталмай тұрғанда ықтияр хат алды ғой. Мен бала-шағаммен Қазақстанның азаматымыз. Күйеуім Зейнолла да қазақ, оны да Қазақстанның азаматы деп есептеймін. Айналайын, ағайын, азаматтар! Араша сұраймын! Көмектесіңіздерші.

Соңғы жаңалықтар