Жарияланды: 80

Қызылордалық кейуана жүз жасында жаңа төлқұжат алды

Қызылордалық кейуана жүз жасында жаңа төлқұжат алды

Қызылорда облысының Сырдария ауданындағы Сәлима Күдербаева ғасырлық ғұмыр жасап, жаңа төлқұжатын қолына алып отыр.

Сырдария аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығы бөлімінің басшысы Жұмабек Әшімұлы бастаған ұжым жуырда 100 жасқа жеткен Сәлима Күдербаеваның үйіне барып, жүз жылдық мерейлі жасымен құттықтап, жеке куәлігін табыстады, деп хабарлайды muslim.kz.

Сәлима апа Оңтүстік Қазақстан облысының Шалқия ауылында дүниеге келген екен. Ата-анасынан жастай айырылып, тағдырдың талай теперішін көрген. 1933 жылы тұрмысқа шығып, Қызылорда облысына келеді.

Жастайынан қара жұмысқа жегіліп, еңбекпен шыңдалып өскен. «Кесек те құйдық, масақ та тердік, өлмегеннен басқаның бәрін көрдік», - дейді кейуананың өзі. 1941 жылы соғыс басталып, жолдасы соғысқа аттанады. Ер етігімен қан кешіп, ат ауыздығымен су ішкен отты жылдарда Сәлима апа тылда жұмыс істейді.

Жолдасының да жарық дүниені көрер жазуы бар екен. Майданнан жараланса да, аман оралады. Екеуі 2 қыз, 4 ұл тәрбиелеп өсірген. Кейуана Тереңөзек кентіндегі наубайханадан зейнетке шыққан.

Көптеген марапаттың иесі. Соғыс ардагерінің жесірі, тыл ардагері қазір немере-шөберенің қызығын көріп отыр. Осындай өнегелі өмір сүріп, жүз жыл ғұмыр кешкен кейуанаға орталық қызметкерлері төлқұжатын тапсырып, батасын алды. Білгенге бұл да тарихи сәттің бірі ғой.

Пікір қалдырыңыз

[X]