«Самұрық-Қазына» қоры компанияларын сатылымға шығарады - kaz.caravan.kz
  • $ 444.32
  • 473.33
+12 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«Самұрық-Қазына» қоры компанияларын сатылымға шығарады

«Самұрық-Қазына» қоры компанияларын сатылымға шығарады

«Самұрық-Қазына» қоры өз құрамындағы «Эйр Астана», «Қазақтелеком», «Қазатомөнеркәсіп», «Қазақстан темір жолы», «Қазмұнайгаз», «Самұрық-Энерго», «Қазпошта» компанияларын таяу жылдары сатылымға шығармақ.

  • 6 Желтоқсан 2016
  • 635
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Үкімет отырысында қор басшысы Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді. Оның айтуынша, негізгі активтер ІРО арқылы сатылады. Оған ең алдымен «Эйр Астана», «Қазақтелеком» мен «Қазатомөнеркәсіп» шығарылады. Шөкеевтің айтуынша, жекешелендіруге жататын қор активтерінің тізімінде 217 нысан бар.

— «Эйр Астана» компаниясын ІРО-ға 2017 жылдың аяғында, болмаса 2018 жылдың басында шығаруды жоспарлап отырмыз. Акцияның 51%-ы қазақстандық инвесторлардың қолында қалуы тиіс деген шешім шығарылды. Ал, «Қазақтелеком» компаниясы қазірдің өзінде 49%-ы жеке меншікте. Біз компанияны ІРО-ға келесі жылдың соңына дейін дайындаймыз деп ойлаймын, деді «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев.

Жиындағы келесі жаңалықты Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов жеткізді. Оның айтуынша, қазақстандықтар әлемнің 26 елінде 300-ден астам нысанды заңдастырған. Бұл тізімде Ұлыбритания, Венгрия, Германия, Қытай, Италия, Біріккен Араб Әмірліктері, Швейцария сияқты мемлекеттер бар. Министр мүлікті жария ету бойынша Алматы қаласы көш бастап тұрғанын айтты. Алып шаһарда 459 млрд теңгенің мүлкі жарияланған. Екінші орында Алматы облысы, ал үшінші сатыда Астана қаласы тұр.

— Елдегі мүлік бойынша жария етудің орташа көрсеткіші ағымдағы жылдың 9 айында 45 млрд теңгені құраған болса, қазан айында жария ету сомасы 56 млрд, қараша айында бұл сома 114 млрд теңгеге жетті. Яғни, жылдың басынан 2,5 есеге өсті, дейді ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.


Үкіметте қызу талқыланған тақырыптың бірі – мемлекеттік-жекеменшік әріптестік. Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев оны даярлау бойынша ауқымды жұмыстар басталғанын және аймақтардың белсенділігі едәуір артып келе жатқанын жеткізді. Мәселен, бүгінде жалпы сомасы 19,6 млрд теңгеге 27 жоба бойынша келісімшарт жасалған. «Сонымен қатар, жалпы құны 22,9 млрд теңгені құрайтын балабақша, емхана және аурухана салуға қатысты 50 жобаның құжаттары әзірленіп жатыр», — деді министр.

— Өңірлерде шағын үлгілік жекеменшік әріптестік жобаларына конкурс өткізу және келісімшарт жасасу үшін жеңілдетілген рәсімдер енгізілді. Үшіншіден, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасында МЖӘ шеңберінде субсидиялау және несиелер бойынша кепілдік беру құралдарын қолдану және тұрақты негізде бизнеске қолдау көрсету көзделген, дейді ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев.

Соңғы жаңалықтар