Сары майы Ресейде өтімді петропавлдық кәсіпорын табысқа қалай жетті - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+21 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Сары майы Ресейде өтімді петропавлдық кәсіпорын табысқа қалай жетті

Сары майы Ресейде өтімді петропавлдық кәсіпорын табысқа қалай жетті

Солтүстік Қазақстанда шығарылған өнім Ресей нарығынан өз үлесін ала бастады.

  • 7 Желтоқсан 2017
  • 185
Фото - Caravan.kz

«Ростан» серіктестігінің сары майы, ірімшігі және қоспасы Қызылжардан 650 шақырым жердегі Владивосток пен Первоурал қалаларында сатылып жатыр. Кәсіпорын шығарып отырған өнімнің 60 пайызы Ресей Федерациясына экспортталады. Өйткені жоғары сапалы тауар шет елде жоғары сұранысқа ие, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы, Аққайың ауданындағы «Ростан» серіктестігінің өнімдері көршілес Ресеймен қатар, Астана, Қарағанды, Көкшетау мен Балқаш қалаларына жөнелтіледі. Әсіресе сары май жоғары сұранысқа ие. Өндірушілердің айтуынша ол табиғи сүттен жасалады. Шикізат облыс шаруашылықтарынан алынады. Сүт – арнайы зертханада жіті тексерістен өтеді.

«Сары май өндірісі – бірнеше деңгейден тұратын жұмыс. Қабылданған сүттің құрамы зертханада жіті тексерістен өтеді. Егер ол біздің талаптарымызға сай болса, қаймағы алынады. Одан кейін арнайы қондырғының көмегімен май жасалады. Оған 1,5 сағат уақыт кетеді», — дейді зертханашы Ольга Смышляева.

Өндірістік зертханада сүт құрамындағы су мөлшерін тексеруге арналған құрал бар. Заманауи техниканың арқасында аққа су қосып, олжаға кенелгісі келгендердің әрекеті бірден әшкереленеді. Қуатты сепаратордың көмегімен қаймақ алынады. Шикізаттан дайын өнім шығаруға дейінгі үрдіс – білікті мамандардың жіті бақылауымен жүзеге асады.

«Май қалыпқа келген соң, өңдеуден өтеді. Дайын өнім қораптарға салынады. Салмағын қызметкерлер бақылап тұрады. 3 тәулік ішінде дәмі тіл үйірер сары май дүкен сөрелеріне жетеді. Май құрамы кристалдануы үшін оны 7-12 сағатқа дейін тоңазытқышқа салып қою керек. Егер бұл талап орындалмаса, тұтынушының үйіне жеткен май бөлме температурасында еріп, сұйылып кетеді. Бұл май құрамының дұрыс еместігін аңғартады», — дейді май цехының шебері Елена Халилова.


«Ростан» серіктестігінің тауарлары «Алтын сапа», «Парыз» байқауларында бірнеше рет дипломға ие болды. Зауыттың өнімдері «Қазақстанның үздік тауары» көрмесінен де орын алды. Бүгінде май зауыты тәулігіне 20 тоннаға дейін сүт өңдейді. Сары май, ірімшіктің бірнеше түрі мен сүзбе шығарады. Кәсіпорында 30-дан астам адам еңбек етеді. Компания жобасы индустрияландыру картасына енген. Мемлекеттік бағдарламаның арқасында ұжым жаңа шағын зауыт құрылысын қолға алмақ.

Соңғы жаңалықтар