Семейдің іргесіндегі ауыл қарға көміліп қалды - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+16 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Семейдің іргесіндегі ауыл қарға көміліп қалды

Семейдің іргесіндегі ауыл қарға көміліп қалды

Семейдің іргесіндегі Приречный ауылында ұзын бір көшені қар көміп тастады. Осыдан кейін тұрғындар баспаналарына кіріп-шығуы қиындап кеткен. Ал, жергілікті атқамінерлердің жұртты бұл тығырықтан шығаруға қауқары жоқ. Шенеуніктер қаражаттың жоқтығын айтып, ауыздарын қу шөппен сүртіп қана отыр.

  • 25 Ақпан 2017
  • 1468
Фото - Caravan.kz

Биылғы қытымыр қыс жұртты әуреге салып отыр, деп хабарлайды КТК телеарнасы. Қардың қалың түскені өз алдына, апта бойы азынаған боран да жығылғанға жұдырық болды. Қазір мұнда ұйтқыған желден жиналған ақ ұлпаның биіктігі 4 метрге жетіп жығылады. Соның кесірінен, 20-ға жуық түтіннің қора-қопсылары түгелдей көміліп қалған.

Дәл мына апанның ауызы тәрізді үңгірді жұрт үйлеріне кіру үшін қазып қойған. Енді олар баспаналарына күнделікті осы арқылы еңбектеп кіріп, еңбектеп шығуға мәжбүр. Себебі, бүтіндей бір көшені, қар басып қалғандықтан, ауладағы ақ ұлпаны шығаратын орын таппай дал.

Тіпті, ұзындығы 1 шақырым болатын көшені аршуға ауылдық әкімдіктің шамасы жетпеген. Көмек сұрап барғандарға, ондағылар қолдарында қаражат жоқ деп, қу шөппен ауыз сүртеді екен.

"Үкіметтен ақша бөлінбеді деп айтуға болмайды. Өйткені, есеп бергенде, қар шығардық деп жатады. Ал оның жатысы мынау. Олардың қай жерден шығарып жүргендерін білмейміз" дейді ауыл тұрғыны Алмагүл Толымқожина.


Әкімдіктегілер қар астынан шыққан жанайқайды естіп отырмыз деп ақталды. Айтуларынша, көміліп қалған тұрғындарға қол ұшын созу үшін қомақты қаржыны да тауып қойған.

"Октябрьская көшесіне ақша бөлінді. 1 млн. 145 мың теңге. Бұл ақшаны конкурсқа қоямын. Одан кейін ол көшені тазалаймыз" дейді Приречный ауылдық аймағының әкімі Алғатай Байдомалақов.

Әкім бұл конкурс бір жұманың ішінде өткізілетінін айтты. Сол жеңімпаз көшедегі үйілген қарды толық тазалауға міндеттелмек. Ал, құрғақ уәдені үйіп төгетін ауылдық биліктің сөзіне тұрғындар сенбей отыр. Олар, іс сиырқұйымшақтанып кетсе, көктемде су астында қаламыз ба деп те алаңдаулы.

Соңғы жаңалықтар