Жарияланды: 824

Шығыс Қазақстан облыстық драма театры өзі жоқтың көзі жоқ деп отыр ма?

Шығыс Қазақстан облыстық драма театры өзі жоқтың көзі жоқ деп отыр ма? Сурет - facebook.com

Белгілі ақын Ұлықбек Есдәулет өмірден ерте кеткен талантты інісі Рүстемнің ескерткішінің елеусіз қалғанына қынжылып отыр. Бұл жайында ол өзінің Фейсбуктегі парақшасына жазған. Шығыс Қазақстан облыстық драма театрындағы марқұмның ескерткішінің бір бөлмеде елеусіз ғана тұрғанын алдымен аталған әлеуметтік желінің Шағангүл Жанаева есімді қолданушысы байқап, өз парақшасына сурет жариялады.

Бұл туралы Caravan.kz тілшісі хабарлады.  

"Ұлаш! (Ұлықбек Есдәулетті айтып отыр - ред) Амансыз ба? Өскеменде, облыстық драма театрында болдым. Рүстемнің мүсінін көрейін, суретке түсіріп алайын дегенмін. Іздеп едім, көзіме түспеді. Театр қызметкерлерінен өтіндім. Бір адам ертіп апарып, бір бөлмеге кіргізді. Сол бөлменің бұрышында тұр екен Рүстемнің мүсіні. Өзіңе осыны ескертейін деп жазып отырмын" дейді Шағангүл Жанаева әлеуметтік желіде.

Шағангүл Жанаева Рүстемнің ескерткішінің жанында. Ш.Жанаеваның Фейсбуктегі парақшасынан алынды 
Ал ақын мұның өкінішті жағдай екенін айтқан. "Шаған жеңгеме көптен-көп рахмет! Бұл маған ғана емес, бүкіл облыстың және күллі Қазақстанның өнер, әдебиет, театр қауымына, жалпы мәдениетті жұртшылығына естен кетпес ескерту деп қабылдаймын! Театрдың қазіргі бастығы өзінен бұрынғы ерекше тұлғаның өшпес еңбегін ескермейін, ұмыттырайын дегені ме? Жалпы Шығыстан, менің туған жерімнен осындай ұятсыздықтар көп естіле бастады. Бәрі де басшыға байланысты. Кешегі шекарадан атамекеніне өткен Ананың пұшайман халі де осы қатарда (Шығыс Қазақстандағы "Майқапшағай" кеден бекетінде шекарашылардың Қытайдан келе жатқан жесір ананың бар ақшасын тәркілеп алғаны туралы Baq.kz жазған болатын - ред.)! Облыстың басшылығы не қарап отыр? Рүстемнің жанашыр достары, қайдасыңдар? Кезі келген екен, облыс әкімі Даниал Ахметовпен сөйлесейік! Ол өзі Рүстемдей ер өткенін біле ме екен? Облыстық театрдың қазіргі күйкентай бастығы кім? Керек болса, тіріні де, өлі аруақты да сыйламайтындарды орнына қояйық! ҮН ҚАТЫҢДАР!" деп ашына жазыпты Ұлықбек Есдәулет.
Ұлықбек Есдәулет інісі Рүстеммен. Ұ.Есдәулеттің жеке мұрағатынан
Ұлықбек Есдәулет інісі Рүстеммен. Ұ.Есдәулеттің жеке мұрағатынан

Рүстем Есдәулет - режиссер, театр және кино актері, ақын, драматург. 1978 жылы туған. Шығыс Қазақстан облыстық Жамбыл атындағы драма театрының директоры әрі бас режиссері қызметін атқара жүріп, қазақ ұлттық сахна өнерінің дамуына елеулі үлес қосты. Жас режиссердің жетекшілігіндегі театр ұжымы бірнеше рет халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанған.

Рүстем Есдәулет
Рүстем Есдәулет

Қазақ көрермені үшін Рүстем актер ретінде де танымал. Белгілі «Лаве» фильміне түскен. «Бөрінама» жыр жинағының авторы. Өлеңдері «XXI ғасыр ақындарының антологиясына» және басқа да ұжымдық жинақтарға енген. Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері. 2007 жылы «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалінде «Бес тиын» көркем шығармасы үшін арнайы марапатқа ие болды.

Р.Есдәулет негізінен психологиялық драма қоюға құштар болатын. Ол адам жанының құпияларына терең бойлауға тырысатын. Адам мінезіндегі қарама-қайшылықтарды, өзгерістерді жарқырата ашуды көздейтін.

Рүстем Есдәулет қазақ труппасын басқарған жеті жыл ішінде 25 қойылым жасап үлгерген. 2009 жылы труппа Қарағандыда өткен республикалық театрлар фестивалінде жүлделі үшінші орынды иеленді. Рүстемнің жұлдызды жеңістері алда еді. Бірақ, өкінішке қарай, қазақтың аймаңдай талантты ұлы 2009 жылдың 25 қарашасында кенеттен көз жұмды.

Caravan.kz оның ағасы, ақын Ұлықбек Есдәулетпен інісі туралы "Рүстемнің соңғы спектаклі қойылмай қалды" деген тақырыппен сұхбат жариялаған болатын. 

Пікір қалдырыңыз

Сіздің пікіріңіз,

[X]