Шымкенттік журналист атасының басы жатқан сайға қала әкімінің тиіспеуін талап етті - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+22 °C
Алматы
2024 Жыл
20 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Шымкенттік журналист атасының басы жатқан сайға қала әкімінің тиіспеуін талап етті

Шымкенттік журналист атасының басы жатқан сайға қала әкімінің тиіспеуін талап етті

Шымкентте "Қасірет сайы" аталып кеткен жерге ойын-сауық орындары мен әкімшілік-іскерлік кеңселер салынғалы жатыр екен деген ақпарат жергілікті белсенділерді алаңдатып отыр. Өйткені онда кезінде ашаршылық пен қуғын-сүргіннің құрбаны болған көптеген адам жерленген.

  • 4 Мамыр 2017
  • 2790
Фото - Caravan.kz


Журналист Мөлдір Нұрман осы мәселеге орай Matritca.kz интернет-порталына Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымовқа қарата айтылған "Атамның басы жатқан сайда нең бар?" атты мақаласын жариялады. Біз де осы материалды қаз-қалпында оқырман назарына ұсынамыз. 

Шым-шаһардағы «Қасірет» сайына ойын-сауық орындары мен әкімшілік-іскерлік кеңселер салынғалы жатыр деген жайсыз жаңалықты естіп, жағамды ұстадым. 

Қасірет сайында кімнің ата-бабасының көміліп, қанша адамның атылғаны белгісіз. Белгілісі, ол қуғындалған қазақтардың қаны төгілген кепиетті — жер. Ол — зират. Ол сайда ашаршылық жылдары опат болған қазақтар да, Сталиннің қанды қылышынан да қырылғандардың сүйектері шашылып жатыр. 

Сай болса да, осы уақытқа дейін жай жатқан жер еді. Ол жерге ешкім көз тіккен де, қызыққан да емес. Өйткені ол сайды жұрттың бәрі бабалар бейіті деп қадірлейді. Адам аяғы баспақ тұрмақ, мал да жайылмайды, онда.

Қала әкімінің қалауы сол сайға түсіп қалғанын қараңызшы. 

Мен осы шаһар басшысына қайран қалам! Ой-шұқырлы жолдарға қаржы жұмсаудың орнына, велосипедке арнап жаңасын саламын деп біраз жұртты әбден әбігерге түсірді. Адам жүретін тротуар жоқ көшелер барда, великке арналған «тропинка» зәру боп қапты ма? Былтыр «сұлулық сайысына түсетін шығар» деген ем, айтқаным айдай келді. Алматылық әріптесі екеуін сайттар сынға салғаны бар. 

Қайдағы бір Лас-Вегасты армандайды. Соған қарағанда ойын-сауық отаулары самсаған елдер өркениетті көріне ме, қалай? Шұрық тесік жолдарыңдың жамап-жасқап алшы, алдымен. Елбасының айтқаны бар еді, «Өркениетті мемлекеттің байлығы жолдарынан білінеді» дегендей. 

Бұрынғының басшылары алдымен коммуналдық жүйеге мән беруші еді. Таңғы сағат 6:00де қаланы аралап, арық-атыздарды тазалаған талай әкімді көргенбіз. Ал, қазіргі жас әкімдер алыс-жақын шет елге барып-келіп-ақ «шаршап» жүреді. Шымкенттің барлық проблемасы шешіліп, сол сайдан ғимараттар салу ғана қалғандай ғой, бұл әкімге де. 

«Қасірет» сайынан әкімшілік-іскерлік кеңселер мен ойын-сауық орталықтарын салу жобасы қаланың бас жоспарына әлдеқашан енгізіліп қойған екен. Негізі ондай қоғамдық орындардың нобайын бас жоспарға енгізбек тұрмақ, алдымен халықтың талқысына салып алатын сияқты еді. Ал, бұлар бұқарамен санасуды ұмытып кетеді. 

Қалалық сәулет және құрылыс бөлімінің мамандары ол маңда ешқандай мола жоқ дегенді алға тартады. Ал жергілікті тұрғындар адам сүйектерінің жиі табылатынын айтады. 

Шымкенттік ақсақалдардың өкпесі орынды. Қасіретті сайда марқұмдардың қалай өлгені мен көмілгенін көрген көнекөздері де бар. Сондықтан ол жердің «ойынсайға» айналғанын қаламайды. 

Бұл мәселеге жан-жақты мән беру керек. Қазіргі ұрпақ сонау аштықтың да, саяси қуғын-сүргін кезеңінің де, бертіндегі Желтоқсан көтерілісінің де тарихын біле бермейді. Ұлт зиялыларын танымайтыны баршылық. Олар тоталитарлық режимнің қандай болғанын елестете де алмайды. 

Өйткені олар санасы таза, Егемен елдің еркін өсіп келе жатқан ұландары. Әйтеуір, сайын далада томпиған төмпешіктер, ескерткіш, құлпытастар мен осындай сайлардың маңынан өткенде бір сәт ойлануы мүмкін. Сол үшін де тарихи орындар жәдігер ретінде сақталуы тиіс. 

Ал, енді мынау жоба қариялардың «тәйт» дегеніне қарамай кәдеге асырылса, нағыз әруақтардың басына әңгір таяқ ойнатудың кері болайын деп тұр ғой. Атамның басы жатқан сайда нең бар еді, әкім мырза-ай! 

Соңғы жаңалықтар