Жарияланды: 2200

Соңғы кездері істі болған, сотталған ірі шенеуніктер кімдер?

Соңғы кездері істі болған, сотталған ірі шенеуніктер кімдер? Сурет - ruwest.ru

Өткен 2016 жылдың соңы биліктегі белді тұлғалардың тұтқындалуымен есте қалса, жаңа жыл да лауазымды қызметкерлерді түрмеге тоғытумен басталды. Оларға түрлі ауыр айыптар тағылған. Жалпы соңғы жылдары ел Үкіметінде ондаған министрлер мен вице-министрлер деңгейіндегі лауазым иелері сотталыпты. Caravan.kz тілшісі айып тағылып, ауыр жаза арқалаған бұрынғы шенеуніктердің бірқатарына тоқталып көрді.

Жақсыбек Құлекеев

1999-2002 Статистика агенттігінің төрағасы, экономика және сауда министрі 2003-2004 жылдары Білім жәнеғылым министрі болды. Бірақ 2008 жылы оған 100 мың доллар пара алды деп айыпталды. Дегенмен аталған айып дәлелденген жоқ. Ал сот қызмет бабын асыра пайдаланғанын ғана дәлелдеп, үш жылға бас бостандығынан айырды. Бір жылдан кейін шартты түрде мерзімінен бұрын босап шықты.

Әлнұр Мұсаев

Бұрынғы ҰҚК төрағасы.

2008 жылы Ақмола әскери трибуналының жабық отырысында сырттай 20  жылға бас бостандығынан айрылды. Оған билікті күшпен тартып алуға әрекет етіп,  отанына опасыздық жасады, мемлекеттік құпияны жария етті және адам ұрлады деген айыптар тағылған болатын. Қазір Мұсаев шетелде жүр.

Серік Бүркітбаев

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы. 

2009 жылы наурыз айында Ақмола гарнизонының әскери соты шығарған үкім бойынша Серік Бүркітбаев 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Серік Бүркітбаев Қазақ мұнай және газ институтын басқарған кезінде өзінің қызмет бабын асыра пайдаланған деп айыпталды. Оған жалпы көлемі 2 млрд. 400 млн. теңгені ұрлағаны үшін және тыңшылық жасады деген айыппен қылмыстық іс қозғалған болатын. Бүркітбаевтан 2012 жылы абақтыдан шартты түрде мерзімінен бұрын босап шықты

Нұрлан Ысқақов

Бұрынғы қоршаған ортаны қорғау министрі. 

2009 жылы 1-сәуірде бұрынғы қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақовқа қызметтік өкілеттілігін пайдаланып 1 млрд 172 млн теңге көлемінде қазына қаржысын жымқырды және мемлекеттік сатып алулар кезінде қызметтік өкілеттілігін асыра пайдаланды деген айып тағылды.

Ал қазанның 10-ы күні «Экологтар ісі» бойынша сот үкімі оқылып, экс-министр Нұрлан Ысқақовты Қылмыстық кодекстің 307-бабына сәйкес, яғни “лауазымын асыра пайдаланды” деген айып бойынша «кінәлі» деп танылды және 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

Айта кетсек, Нұрлан Ысқақов 2006-2009 жылдары Қоршаған ортаны қорғау министрі, 2005 жылы президенттік сайлауда Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлау алды штабын басқарған және «Қазақстанның 2024 жылға дейінгі «Тұрақты даму тұжырымдамасын» дайындаған

Жақсылық Досқалиев

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі.

2011 жылы тамыздың 5-і күні  экс-министрі Жақсылық Досқалиевтің ісі бойынша үкім шықты. Сот оның мүлкін тәркілеп, өзін 7 жыл бас бостандығынан айырып, жазасын қатаң режимдегі түрмеде өтеуге кесті. Еске сала кетсек, Досқалиевқа қызмет бабын асыра пайдаланды, бюджет қаржысын жымқырды, аса ірі мөлшерде пара алды деген айыптар тағылды. Кейін прокурор айыпты жұмсартып, «бұрынғы министр Астанада көп пәтерлі тұрғын үй салған кезде аса ірі мөлшерде пара алды» деген айыпты ғана қалдырған. 2012 жылы 16 наурызда мерзімінен бұрын босап шықты.

Мүсілім Өмірияев

Бұрынғы ауыл шаруашылығы вице-министрі.

Ол 2014 жылы 16-қазанда аса ірі көлемде пара алғаны үшін 10 жылға сотталды. Астана қаласы қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты Өмірияевты ҚР ҚК-нің 311 бабы 5 бөлімі, яғни пара алу бойынша айыпты деп таныды. Өмірияев сондай-ақ мемлекеттік қызметтелауазымды қызметті атқару құқығынан 7 жылға айырылды.

Еске салсақ, Ауыл шаруашылығы министрлігінің вице-министрі Өмірияевті 2013 жылғы 21 желтоқсанда Қаржы полициясы қызметкерлері мемлекеттік сатып алу байқауында жеңіске жетуге көмектескені үшін 100 мың АҚШ доллары көлемінде пара алды деген күдікпен ұстаған болатын.

Анар Мешімбаева

Статистика агенттігінің бұрынғы төрайымы. 

2014 жылы 14-ақпанда Астанада Есіл аудандық соты 2009 жылы ұлттық санаққа бөлінген 758 млн.теңгені жымқырды деп айыппен Статистика агенттігінің бұрынғы төрайымы Анар Мешімбаеваға қатысты үкім шығарды. Мешімбаева мемлекет мүлкін ысырап қылғаны және қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланғаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ мемлекеттiк қызметке орналасуға 5 жылға дейiн тыйым салынды.

Мешімбаеваға қатысты қылмыстық іс 2010 жылдың қаңтар айында қозғалған болатын. Бірақ ол кезде агенттіктің бұрынғы төрайымы Қазақстаннан кетіп, ізін суытады. Тек төрт жыл өткенде Мәскеуде құқық қорғау қызметкерлерінің қолына түсіп, елге жеткізілді.

Ерлан Арын

Павлодар облысының бұрынғы әкімі

2014 жылы қараша айында Павлодар облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты осы облыстың бұрынғы әкімі Ерлан Арынды 3 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырды. Сот Ерлан Арынды алаяқтық жолмен 1,6 миллион теңге қаржы жымқырды, пара алды және қылмыстық жолмен алынған қаржыны заңдастырды деген айып тақты. Айта кетсек, Павлодар облысының экс-әкімі Ерлан Арынды сол жылдың басында қаржы полициясы тұтқындаған еді. Басында оған «ұйымдасқан қылмыстық топ» құрды, «бюджет қаржысын ысырап қылды» деген айыптар тағылған еді. Бірақ кейін облыстық прокуратура істі қарап, айыптардың кейбірін алып тастаған.

Бағдат Майкеев

Бұрынғы қорғаныс министрінің орынбасары.

2014 жылы маусымның 27-сі күні Алматы қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соты қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары Бағдат Майкеевке қатысты үкім шығарды. Ол «заңсыз қару-жарақ сақтаған және жалпы көлемі шамамен бір жарым миллион долларға жуық пара алған» деген айыппен алты жылға сотталды. Генерал Майкеев пара алғанын сотта мойындамады.

Еске сала кетсек генерал Майкеев сол жылы қаңтарда Астанадағы үйінің ауласында тұтқындалған.

Серік Ахметов

Экс премьер-министр

2015 жылы 11-желтоқсанда Қарағанды облыстық соты Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметовті 10 жыл жалпы режимдегі колонияда отыру жазасын кесті. Сотта бұрынғы Үкімет басшысына бюджеттің қаржысын талан-таражға салды, өзінің қызметтік өкілдігін асыра пайдаланды және заңсыз кәсіпкерлікке қатысты деген айыптар тағылды.

Серік Ахметов өзіне таңылған бұл айыптардың ешқайысысын мойындаған жоқ. Ол сотта «сенімін ақтамағаны және ренжуге мәжбүр еткені» үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан кешірім де сұрады. Ал сотта экс-премьермен бірге Қарағанды облысы мен Қарағанды қаласының 21 лауазым иесі жемқорлық бабы бойынша айыпталды.

Серік Ахметов 2009 жылғы қарашада Қарағанды облысының әкімі, 2012 жылғы сәуірден бастап Қазақтан Үкіметін басқарды.

Талғат Ермегияев

2016 жылы маусымда ЭКСПО-ның экс-басшысы 14 жылға сотталды. Ол ЭКСПО-2017" компаниясынан ірі көлемде қаражат жымқырды деп айпталған болатын. Талғат Ермегияев жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейді. Ол Ұлттық компания басшылығы міндетін атқарып жүріп, ұйымдасқан жемқорлық әрекеттеріне барғаны үшін ұсталған.

Саят Шаяхметов

Ал бұрынғы Білім вице-министрі Саят Шаяхметовке қатысты іс әлі тексеріліп жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бюро бұрынғы Білім вице-министріне қатысты сотқа дейінгі қайта тергеу шараларын аяқтаған. Еске салақ, 3 жыл бұрын Білім вице-министрі Саят Шаяхметов пен тағы бірқатар лауазымды қызметкерге қатысты қылмыстық іс қозғалған болатын. Ол Өскемендегі білім ордасының құрылысына бөлінген бюджеттің 1 милиардқа жуық теңгесін жымқырды деп айыпталған болатын. Бірақ сот отырысында судья экс-шенеунік ісін айғақтар жеткіліксіз деп, қайта тергеуге жіберді. Сөйтіп үйқамақта отырған Шаяхметов пен тағы үш күдікті кепілдікпен бостандыққа жіберліген.

Нартай Дүтбаев

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы.

Ол 2016 жылы желтоқсан айының соңында ұсталды. Дүтбаевқа " Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі 185-бабы бойынша Мемлекеттік құпияны жария етті және 362-бап билікті асыра пайдаланды деген кінә тағылды. Қазір Нартай Дүтбаев ҰҚК-ның тергеу абақтысына қамалды. Айта кетсек, Нартай Дүтбаев Ұлттық қауіпсіздік комитетін 2001-2006-шы жылдары басқарған.

Қуандық Бишімбаев

2017 жылы қаңтардың 10 күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ұлттық бюросы бұрынғы ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевты ұстады. Бишімбаев алдын ала келісіп, бірнеше рет ірі көлемде пара алғаны үшін тұтқындалды. Экс-министр ҚР ҚПК 128-бабына сәйкес, Астана қалалық ІІД уақытша ұстау абақтысына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жалғасуда.

Бағылан Майлыбаев

2017 жылы 16 қаңтарда Мемлекеттік құпияны жариялады деген күдікпен ҚР Президенті Әкімшілігінің қызметкері Майлыбаев және Николай Галихин ұсталды. Мұндай ақпаратты еліміздің ҰҚК баспасөз қызметі таратты. Аты аталған азаматтарды Астана қаласы, Есіл аудандық соты 14-қаңтарда 2 ай мерзімге қамауға алу санкциясын берген.

Қазір олар ҰҚК тергеу изоляторына қамауда отыр. Күдіктілердің және олардың туыстарының тұрғылықты жерлері бойынша тінтулер жүргізілді.

Пікір қалдырыңыз

[X]