Жарияланды: 160

Украина «кеңестік-ресейлік империямен» біржола қоштасты

Украина «кеңестік-ресейлік империямен» біржола қоштасты

Сәрсенбі күні - 17 мамырда Страсбург қаласында Еуроодақ пен Украина арасында визалық режимді алып тастау туралы келісімге қол қойылды. Бұл туралы Азаттық радиосының тілшісі Рикард Йозвяк өзінің Twitter парақшасында жазды.

«Қол қойылды, мөрленді, жеткізілді: Украина үшін визалық либерализация! 11 маусымда күшіне енеді», - деді журналист.

Келісім құжатына Украина президенті Петр Порошенко, Еуропалық парламенттің басшысы Антонио Таяни және Еуроодаққа қазір төрағалық етіп отырған Мальтаның өкілі қол қойды. Бұл оқиғаға Украина президенті тарихи деген баға беріп отыр.

«Бұл менің 45 миллион халқы бар елім үшін және Еуропалық одақ үшін тарихи күн болмақ. Украина өзінің еуропалық отбасына қайта оралып, кеңестік-ресейлік империямен біржол қоштасып отыр», - деді П.Порошенко.

Ол сондай-ақ, Twitter және Facebook әлеуметтік желісіне қол қою сәтінің суретін жүктеп, «Украина үшін визасыз режим - бұл біздің империямен қоштасуымыз», - деген жазба қалдырды.

Осылайша, 11 маусымнан бастап Украина халқы Еуроодақ аумағына визасыз кіре алады.

Пікір қалдырыңыз

[X]