Қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын кезең келе жатыр ма?
Алдағы белгісіздікке қарамастан, жалпы оптимистік көңіл-күй қалыптасып отыр.
5 Қаңтар
317
Фото - Caravan.kz
Халық өткен жылмен қоштасып, жаңа жылды тойлап жатқанда елімізде маңызды өзгерістер орын алып жатыр. Қоғамда кең талқыланған жаңа салық реформасы күшіне енді. ҚҚC 16%-ға көтерілді. Салдарынан бірнеше күн ішінде азық-түлік және тауарлар бағасы қымбаттап кеткен. Бұл туралы әлеуметтік желіде суреттер пайда бола бастады. Айлық есептік көрсеткіш те өсті, сәйкесінше барлық әлеуметтік төлемдер, жәрдемақы, зейнетақы мен айыппұл сомасы өсті. Биыл бізді тағы қандай өзгерістер күтіп тұр? Жылқы жылы елімізге қандай жаңалықтар әкелмек? Сарапшылардың болжамы қандай? Caravan.kz медиа порталының тілшісі тақырыпты жалғастырады.
Баға өсімі сезіле бастады
2026 жылдан бастап ҚҚС 16%-ға көтерілді. Жаңа көрсеткіштер түбіртіктерде пайда болды.
Үй жанындағы дүкендер мен ірі супермаркеттер тауарлар мен өнімдер бағаларын өзгертуге кірісті. Әлеуметтік желілерде тұтынушылар бағаның тым өсіп бара жатқанын көрсететін суреттерін жариялап, наразылық білдіре бастады.
Халықтың ең қорқып отырғаны осы қымбатшылық. Экономист инфляция қазақ экономикасының қазіргі таңдағы ең әлсіздеу тұсы екенін жасырмады.
«Бірақ инфляция көп болса келесі жылы 11-12% коридорында болады. Ол биылғы көрген картинамыз. Бұл өлім емес. Мысалы, 2020 жылы инфляция 20,3 пайыз деңгейінде болған. Ал 1993 жылдары 800% болғанын ұмытпаңыздар. Қымбатшылықтың бірінші көзге көрінер-көрінбес толқыны қаңтар-ақпанда ұрады да, артынан сәуір айына таман органикалық қозғалысқа ілесіп білінбей кетеді», — деп жұбатты сарапшы.
Инфляцияға қарамастан төлемдер өсті
Қазақстан президенті 2025 жылғы 8 желтоқсанда «2026 – 2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына қол қойды. Оған сәйкес, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап мынадай мөлшерлер белгіленді:
— Ең төменгі жалақы мөлшері – 85 000 теңге (2025 жылы – 85 000 теңге);
— Айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 4 325 теңге (2025 жылы – 3 932 теңге);
— Ең төменгі мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері – 35 596 теңге (2025 жылы – 32 360 теңге);
— Ең төменгі зейнетақы мөлшері – 69 049 теңге (2025 жылы – 62 771 теңге);
— Базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу үшін қажетті күнкөріс деңгейінің шамасы – 50 851 теңге (2025 жылы – 46 228 теңге).
Заңда жасына байланысты зейнетақы төлемдеріне және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдеріне бағытталған қаражат олардың мөлшерін 10% арттыруды ескере отырып көзделгені белгіленді.
Сондай-ақ, мемлекеттің МӘМС-ке төлейтін жарналарының мөлшері мемлекеттік жарналарды есептеу объектісінің 2%-ы мөлшерінде белгіленді.
Сонымен қатар, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры бойынша қамқорлықсыз қалғандарға және еңбекке жарамсыздық бойынша төлемдер 10%-ға артты. Төлем мөлшері жеке есептеледі, сонымен қатар соңғы екі жылдағы табыс, жүйеге қатысу мерзімі және басқа коэффициенттерге байланысты болады.
2026 жылы әлеуметтік салаға жұмсалатын шығындар 10 трлн теңгеден асады. Алайда, профильді ведомстволардың айтуынша, ағымдағы инфляция жағдайында 10%-дық индексация зейнеткерлер мен осал топтардың нақты табысын толық сақтауға мүмкіндік бермейді.
Қосымша қолдау тек шын мұқтаж жандардың статусын бағалау нәтижесіндемүмкін болмақ.
Мобильді аударымдар бақылауға алынды
1 қаңтардан бастап мобильді аударымдарға бақылау күшейтілді. Мемлекеттік кірістер комитеті жеке қажеттіліктерге арналған аударымдарға салық салынбайтынын атап өтті.
Алайда бизнес мақсатында жеке шоттарды тауарлар немесе қызметтер үшін төлем қабылдау үшін пайдалану үлкен сұрақтар туғызуы мүмкін.
Салықтық бақылау тек мына жағдайларда жүргізіледі:
— үш ай ішінде 100 және одан көп түрлі адамнан қаражат түскенде;
— жалпы сома 12 АЕК-тен (1 млн теңге) асқанда.
«Біз жеке тұлғалардың шоттарын жаппаймыз. Тек шығындар бойынша хабарлама жібереміз. Азаматтың жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі қажет пе, әлде басқа жағдай ма – соның барлығын анықтаймыз», – деді Ержан Біржанов.
Мұндай шоттар бойынша ақпарат банктер арқылы салық органдарына беріледі. Күдік туындаған жағдайда азаматқа хабарлама жіберіліп, есеп беру немесе түсініктеме беру үшін 30 жұмыс күні беріледі.
Жылжымайтын мүлік нарығы: бағаның өсуі мен жаңа технологиялар
Сарапшылардың болжамынша, тұрғын үй бағасы биыл да өсуін жалғастырады. Құрылыс компаниялары үшін де салық 16%-өсті. Сондай-ақ импорттық құрылыс материалдары валюталық бағамға тәуелді. 2025 жылы шаршы метрдің орташа бағасы 16%-ға өсті.
Жыл соңында рекордтық көрсеткіштер тіркелген өңірлер:
— Алматы — 820 мың теңге/шаршы метр
— Астана — 600 мың
— Шымкент — 520 мыңнан жоғары
Құрылыс көлемдері жоғары болып қала береді. 2026 жылы астанада шамамен 5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі, ал ел бойынша 19 млн шаршы метрден асады. Алматыда биік ғимараттарды салуда сейсмоизоляторларды енгізу қарастырылып жатыр. Бұл технология 9 балдық жер сілкінісінен қорғауға қабілетті.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі өзгерістер
2026 жылдан бастап Қазақстанда МӘМС жүйесіне өзгерістер енгізіледі. МӘМС арқылы қамтылатын қызметтер тізімі кеңейтіледі. Қосымша профилактикалық және арнайы медициналық қызметтер енгізіледі, осылайша азаматтар жеке шығынсыз емделуге мүмкіндік алады. Қолданушыларға әкімшілік рәсімдерді жеңілдету қолға алынады. Азаматтар анықтамалар мен тексерілуге жолдамаларды цифрлық платформалар арқылы оңай жасай алады.
Қор қаражатының жұмсалуын қадағалау және мөлшерлемелердің ашықтығы да күн тәртібіндегі маңызды сұрақ. Азаматтар МӘМС есебінен қандай қызметтер төленетінін және жеке сақтандыру портфелі қалай қалыптасатынын көре алатын жағдай жасалмақ. Аталмыш шаралар МӘМС жүйесін тиімді, адресаттық және азаматтар үшін ыңғайлы етуге, мемлекеттік бюджетке жүктемені азайтуға және медициналық көмек сапасын арттыруға бағытталған.
Бүгінгі таңда МӘМС жүйесінде 16,8 млн-ға жуық адам сақтандырылған, оның ішінде 12,3 млн адам жеңілдік санатына жатады. Алайда, 3,6 миллион қазақстандық әлі де жүйеден тыс қалып отыр. Министрлік бұл топты екіге бөлді:
— 2,5 млн адам – тұрмыс деңгейі қанағаттанарлық, бірақ жарна төлемей жүргендер;
— 1,1 млн адам – дағдарыстық (Д) және шұғыл (Е) деңгейдегі азаматтар. Бұл санатқа табысы төмен, үш ай бойы зейнетақы жарналары түспеген және базалық қажеттіліктерін әрең өтеп отырған жандар кіреді.
Жаңа заңға сәйкес, әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар үшін жарна төлеу міндеті жергілікті атқарушы органдарға жүктелді.
«Жарналар адам медициналық көмекке жүгінген кезде нақты дерек бойынша төленеді. Бұл шара 2026 жылы қосымша 1 миллионға жуық адамды МӘМС-пен қамтуға мүмкіндік береді», – деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.
Медициналық көмек алу үшін ең алдымен тұрғылықты жері бойынша емханаға тіркелу қажет екенін ескертеміз.
Сонымен қатар МӘМС жүйесіне бес жыл төлем жасағаннан кейін жарна аударуды тоқтатқан тұлғалардың сақтандырылғаны туралы мәртебесі алты айға дейін сақталады.
«2026 жылдан бастап МӘМС жарналарын бес жыл ішінде өз бетінше және үзіліссіз төлеген азаматтар үшін төлем жасау уақытша тоқтағаннан кейін «сақтандырылған тұлға» мәртебесін сақтаудың жеңілдікті кезеңін алты айға дейін ұзарту көзделген», – делінген министрлік хабарламасында.
Өз мәртебеңізді келесі жолдармен анықтай аласыз:
— msqory.kz – Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының сайты;
— SaqtandyryBot – Telegram-бот;
— Qoldau 24/7, Damumed мобильді қосымшалары немесе екінші деңгейлі банктердің қосымшалары.
Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа төрағалық етеді
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ органдарына төрағалық етеді. Осы орайда Президент Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер басшыларына үндеу жасады. Мемлекет басшысының сөзінше, ЕАЭО интеграциялық бірлестігінің дамуы екінші онжылдығына нық қадам басты.
«Соңғы жылдардағы жаһандық дүрбелеңдерге қарамастан мемлекеттеріміздің экономикасы оң қарқын алды. Алдағы ортақ міндетіміз – ЕАЭО-ның әлеуеті мен бәсекеге қабілеттілігін нығайту, интеграциялық тиімділігін күшейту. Күн тәртібіндегі өзекті тақырыптың бірі — жасанды интеллект экономикалық интеграцияның жаңа қозғаушы күші ретінде, логистиканы біріктіріп дамыту және ЕАЭО-ны Еуразиядағы ірі транзиттік хабқа айналдыру», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент атап өткендей, одақ аумағындағы жүктер ең тез жылдамдықпен, бюрократиялық және әкімшілік кедергілерсіз қозғалу қажет. Бұл мәселені шешу үшін ЖИ негізінде интеграциялық жүктерді басқару жүйесін құру ұсынылды, ол жеткізу мерзімін қысқартып, бизнестің қаржылық шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.
Арнайы басымдық — өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын цифрландыру. Президенттің айтуынша, кедендегі кезектер тарихқа айналуы тиіс.
Сыртқы сауданы дамыту да өзекті бағыт болып отыр. 2025 жылы Моңғолия және Индонезиямен Еркін сауда аймағы туралы келісімге, сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктерімен Экономикалық серіктестік туралы келісімге қол қойылды. Бұл – Ұйымға мүше мемлекеттер мен Комиссияның бірлескен жұмысының нақты нәтижесі. Таяу келешекте ЕАЭО-ның Жаһандық Оңтүстік, Араб елдерімен, Оңтүстік-Шығыс Азия және Африка мемлекеттерімен, сондай-ақ аймақтағы беделді бірлестіктермен қарым-қатынасты белсенді түрде дамытуды жоспарлап отыр.
Қазақстан төрағалық кезеңінде жарияланған барлық міндеттерді іске асыруға барынша ықпал етуді көздеп отыр. Сондай-ақ тұрақты нәтиже тек қатысушы елдердің бірлескен күш-жігерімен қол жеткізуге болатынын атап өтті.
Жасанды интеллект туралы заң: Орталық Азиядағы алғашқы құжат
2026 жылдың 18 қаңтарынан бастап Қазақстанда жасанды интеллект туралы Орталық Азиядағы алғашқы заң күшіне енеді. Құжат бизнесті, медианы және қолданушыларды құқықтық реттеуді көздейді.
Жаңа заң әрбір азаматты қорғауға бағытталған ережелерді енгізеді. Адам жасанды интеллект жүйесі шешім қабылдауға қатысқанын білуге, егер автоматты түрде қабылданған шешім оның мүдделеріне әсер етсе, түсіндіруді талап ете алады. Сондай-ақ оның деректері тек заң аясында және қорғалу арқылы өңделуі тиіс.
Заң манипуляция жасайтын, адамның әлсіз тұстарын пайдаланатын, әлеуметтік рейтинг жүргізетін, эмоцияларды келісімсіз анықтайтын немесе деректерді заңсыз жинайтын ЖИ жүйелерін әзірлеуге және қолдануға тікелей тыйым салады. Осылайша мемлекет қауіпті технологиялық эксперименттерге жол бермей, цифрлық ортаға деген сенімді күшейтеді.
Заңның бір бөлігі жасанды интеллект арқылы жасалған әрі адамдар мен шынайы оқиғаларды бейнейтін синтетикалық контентке — сурет, бейне, аудио және мәтіндерге қатысты. Мұндай материалдар айқын және байқалатындай белгіленуі тиіс, яғни әрбір қолданушы оның жасанды интеллект арқылы генерацияланғанын түсінуі керек. Бұл әсіресе дипфейк және ақпараттық шабуылдар дәуірінде маңызды. Себебі бұрмаланған контент қауіпсіздікке, репутацияға және қоғамдық процестерге әсер етуі мүмкін.
Заң сондай-ақ жасанды интеллектінің ұлттық платформасын қалыптастырудың негізін қалайды. Бұл платформада қазақстандық ЖИ модельдері тестілеуден өткізіліп, жетілдіріледі, деректер кітапханалары сақталады және зерттеушілер, кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдарға есептеу ресурстары ұсынылады. Бұл платформа Қазақстанға технологиялық дербестікке қол жеткізуге, өз шешімдерін дамытуға және жаңа экономикада сұранысқа ие мамандарды даярлауға мүмкіндік береді.
Құжат жеке деректерді қорғауды, дипфейктер мен жалған жаңалықтарға қарсы шараларды күшейтеді, технологияларды әділ әрі түсінікті пайдалануға, манипулятивті және кемсітуші ЖИ-ге қарсы күресуге мүмкіндік береді, сондай-ақ мемлекеттік және бизнестің цифрлық қызметтеріне деген сенімін арттырады.
Заңның қабылдануы Қазақстанның аймақтағы технологиялық көшбасшы ретіндегі орнын нығайтып, халықаралық инвестицияларды тартуға, жасанды интеллект экономикасын дамытуға, инновациялар мен стартаптарды ынталандыруға, денсаулық сақтау, білім беру, көлік, қауіпсіздік және мемлекеттік басқару салаларында шешімдер енгізуге, сенімге негізделген бәсекеге қабілетті цифрлық нарықты қалыптастыруға ықпал етеді.
Дипфейктер мен жалған ақпарат тарату үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделген. Яғни жеке тұлғаларға 15 АЕК-ке дейін, ал бизнеске 20–100 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған. Заң бойынша ЖИ жеке деректерді пайдаланушының келісімінсіз үйрене алмайды.
2026 жылға сарапшылар пікірі
Жаңа жыл кіріп келді. Көп адамда биыл қалай болар екен деген сұрақ бар. Сондықтан 2026 жылдың болжамын жасап көрейік. Сарапшылар мен қоғам белсенділері 2026 жыл — ауқымды трансформациялар кезеңі деп болжайды. Яғни бизнес жаңа салықтық және цифрлық шындықтарға бейімделуі керек, ал қоғам технологиялар мен жеке қарым-қатынастың тепе-теңдігін іздеуі қажет.
Қаржы сарапшысы Айбар Олжаев ел экономикасының жағдайына терең сараптама жасады. Қазақстан 2025 жылды ішкі жалпы өнімнің 6,4 пайыздық өсімімен қорытындылады.
«Бұл кездейсоқ нәтиже емес, жүйелі саясаттың көрінісі. Мұндай қарқын макроэкономикалық тұрақтылықтың сақталғанын және негізгі салаларда нақты ілгерілеу бар екенін аңғартады. Енді алдағы міндет осы деңгейді ұстап қана қоймай, өсімді одан әрі үдету. Бұл үшін мемлекет инфрақұрылымды жаңғыртуға, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын дамытуға, сондай-ақ білім мен ғылымға инвестиция салуға басымдық беріп отыр», — деп жазды сарапшы.
Еліміздің экономикасы өндіріс саласына тәуелді. Өнеркәсіп саласында нақты жоспарлар бар. 2030 жылға дейін арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды инфрақұрылыммен толық қамтамасыз ету арқылы 200-ден астам жаңа жобаны іске асыру көзделуде. Бұл өңдеу өнеркәсібінің өсуіне серпін беріп, мыңдаған жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Ал 2025–2029 жылдар аралығында өңдеу секторында 140 жоба пайдалануға берілмек.
Ауыл шаруашылығы мен экспорттық әлеует те экономикалық өсімнің маңызды тірегіне айналып отыр. Қазақстанның жалпы экспорттық мүмкіндігі 13 млн тоннаға бағаланады, сондықтан отандық диқандардың өнімін кемі 45 мемлекетке жеткізу мақсаты бар. 2028 жылға дейін жылына 4,8 млн тонна бидай мен жүгеріні өңдейтін бес ірі жобаны іске қосу жоспарланған. Бұл бағытқа $2,6 млрд инвестиция тартылмақ.
Мал шаруашылығы мен ет экспорты бойынша да жаңа кезең басталады десек болады. 2026 жылдан бастап Қазақстан өнімдері Әзербайжан, Моңғолия, Марокко, Иран және Еуропалық одақ нарықтарына шығуы тиіс. Сонымен қатар Жапония, Оңтүстік Корея және БАӘ елдеріне ет пен сүт өнімдерін жеткізу мәселесі пысықталып жатыр. Қазір елімізде мал басының саны едәуір өскен, енді оны әрі қарай көбейте түсу үшін келесі жылы агросекторға кемінде 200 млрд теңге бөліну жоспарланған.
Жалпы алғанда жоспарланған реформалар толық әрі сапалы жүзеге асса, бүгінгі 6,4 пайыздық өсім ертең тұрақты әрі ұзақ мерзімді дамудың берік іргетасына айналуы әбден мүмкін.
«2025 жыл Мәшһүр дәуірі немесе инерциядан дәл есепке ауысқан уақыт болды. Өткен жыл жаман болмады. Қазақстан жақсы өсті. Бастысы бұл жай ғана «өсу жылы» болған жоқ. Бұл экономиканы ағысына сай ұстап тұру емес, қолға алып жоспарлаудың кезеңі болды. Мәшһүр Жүсіп айтты деген болжам бар. Әрине, оның рас-өтірігі белгісіз. Бірақ 2025-2026 жылдар дәл сол «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын кезеңнің» басталу уақытына сәйкес келеді. Сандарға, үрдістерге, нәтижелерге қарасақ 2025 жыл Қазақстан үшін сәттілік емес, дұрыс таңдалған бағыттың уақыты болды. Және бұл тек бастамасы ғана. Қой дайын. Бозторғай ұшып келе жатыр. Бізге тек осы өзгерістерді сезіне білу керек», — деп жазды экономист Айбар Олжбаев.
Экономиканың орнықты өсуі кәсіпкерліксіз мүмкін емес. Әсіресе, моноқалаларда, шағын қалалар мен ауылдық жерлерде шағын және микробизнесті қолдау – стратегиялық маңызы бар мәселе. Осы мақсатта «Іскер аймақ» атты бірыңғай бағдарлама әзірленіп жатыр. Бағдарлама аясында екінші деңгейлі банктер арқылы жыл сайын 400 млрд теңге көлемінде несие беру көзделген. Бір жобаға 200 млн теңгеге дейін қаржы қарастырылады. Алдағы белгісіздікке қарамастан, жалпы оптимистік көңіл-күй қалыптасып отыр.