Адал нанын тауып жүрген жеке кәсіпкерлердің жағдайы тым ауыр. 2026 жыл шағын және орта бизнес өкілдері үшін белгісіздік пен алаңдаушылықпен басталады. Кәсіпкерлер жаппай дабыл қағып жатыр. Айтуларынша, мыңдаған, тіпті жүздеген мың жеке кәсіпкерлер жабылудың алдында тұр. Салық реформасы мен қосылған құн салығының өсуі онлайн саудамен айналысатын кәсіпкерлерді тығырыққа тіреді. Себебі олар үшін ойын ережесі түбегейлі өзгермек. Біздің редакцияға хабарласқан кәсіпкерлер мәселенің мән-жайын айтып берді. Олар ертеңі үшін алаңдаулы, көмек сұрауда. Мемлекет көлеңкелі бизнеспен күресуді көздеген жаңа реформа расымен де шектен шыққаны ма? Неге адал нанын тауып отырған мыңдаған кәсіпкерлер соққының астында қалды? Caravan.kz медиа порталының тілшісі анықтап білді.

120 мың жеке кәсіпкер нарықтан кетуі мүмкін
Танымал Wildberries онлайн сауда алаңында Қазақстаннан 120 мың жеке кәсіпкер жұмыс істейді. Олар үшін онлайн сауда — тіршілік етудің жалғыз жолына айналған. Өйткені офлайн-бизнес тиімсіз болып қалды. Кәсіпкерлердің айтуынша, жалдау құны қымбаттады, халықтың сатып алу қабілеті төмен, адамдар үнемдеуге көшті.
Киім-кешек, күнделікті тұтыну тауарларын сататын шағын дүкендер жаппай онлайн форматқа ауысып жатыр. Кәсіпкерлер тауарды көрші елдерден қолжетімді бағамен әкеліп, маркетплейстер арқылы сатып, өз нәпақасын тауып жүр. Одан бөлек қаншама адамды жұмыспен қамтып келеді.
Алайда жаңа жылдан бастап ойын ережесі өзгере бастайды.
«ҚҚС төлейсің немесе кетесің»
ҚҚС мөлшерлемесінің өсуіне байланысты Wildberries платформасы жеке кәсіпкерлерге хабарламалар жібере бастады.
«Енді жұмыс істеу үшін ҚҚС төлеуші ретінде тіркелу қажет. Әйтпесе, серіктестік тоқтатылады».
Ресми түрде жеңілдетілген режим сақталады, арнайы салық режиміндегі жеке кәсіпкерлер бұрынғыша табысынан 4% төлейді. Алайда мәселенің тамыры тереңде жатыр.
«Ірі маркетплейстермен жұмыс істеу үшін бұл режим жеткіліксіз болып отыр».
Егер жеке кәсіпкер ҚҚС төлеуші ретінде тіркелсе, оның салықтық жүктемесі мынадай болады:
— табысынан 10%,
— оған қоса 16% ҚҚС.
Нәтижесінде, жеке кәсіпкер 26% салық төлеуге тиіс. Шағын бизнес үшін бұл көтере алмайтын жүк.
Нарық қабылдамайтын баға
Ойын ережесімен келісу үшін кәсіпкер осы 26%-ды тауар бағасына қосуға мәжбүр. Іс жүзінде мүмкін емес дейді кәсіпкерлер. Себебі түптеп келгенде тұтынушы, яғни халық қымбат тауарды сатып алмайды.
Оның үстіне бәсекелестік өршіп тұр. Бізге сұқбат берген кәсіпкердің айтуынша, отандық кәсіпкерлер осылайша бәсекеге қабілетсіз болып қалады.
«Қырғызстанның сатушылары дәл сол маркетплейстерде жұмыс істеп, 2% ғана салық төлейді. Олар бағаны төмен ұстай алады. Осылайша қазақстандық кәсіпкерлер сапа жағынан емес, салықтық саясат салдарынан ұтылады», — дейді жеке кәсіпкер Жанар Нұртазина.
Кәсіпкерлердің бағалауынша, сатушылардың 80%-ы жабылуы мүмкін.

Ұстау мүмкін емес шек
Жеңілдетілген режимде қалып, 4% салық төлеу үшін жеке кәсіпкердің жылдық айналымы 40 млн теңгеден аспауы тиіс. Алайда маркетплейстерде сауда жасайтындар үшін бұл іс жүзінде мүмкін емес. Маржасы төмен болса да, айналым тез өседі.
Шек асқан сәттен бастап кәсіпкер автоматты түрде ҚҚС төлеушіге айналады, ал бұл жоғарыдағы 26% салықтық жүктемеге әкеледі.
«Бізді алдымен офлайннан ығыстырды, енді онлайннан да ығыстырып жатыр», — дейді кәсіпкер.
Билік не деген еді?
Салық реформасы талқыланған кезде 300 мыңға дейін компания жабылуы мүмкін деген болжамдар айтылған. Сол кезде бизнес өкілдері кәсіпорындардың жаппай жабылуы немесе көрші елдерге, соның ішінде Өзбекстанға көшу қаупі туралы дабыл қаққан.
Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин бұл тәуекелді сол кезде растаған болатын. Оның айтуынша, белгілі бір компаниялар расымен де жұмысын тоқтатады, алайда бұл негізінен салықтан жалтару үшін бизнесті бөлшектеп келгендерге қатысты болады.
«Бизнестің жабылуы сөзсіз болады, біз бұл туралы бірден айтқанбыз. Бірақ жабылатындар дәл осы бөлшектеуге асыққандар. Енді бизнесті бөлшектеудің құқықтық мүмкіндіктері болмайды», — деген еді ол.
Министрліктің талдауына сәйкес, бір салық төлеуші бірнеше компания ашып, оларды қызметкерлерінің атына рәсімдеп, ҚҚС шегінен аспауға тырысқан. Шекке таяғанда жаңа кәсіпорын ашылып отырған. Осылайша ондаған «клон-компаниялар» пайда болған. Билік өкілдерінің айтуынша, енді мұндай схемалардың мәні жойылады.
Бірақ соққы схемаларға емес, адамдарға тиді
Көлеңкелі бизнеспен күресу реформасы түптеп келгенде қарапайым халықтың жағдайын ушықтырды. Адал жұмыс істеп отырған мыңдаған жеке кәсіпкерлерге зардабы тиюде.
Олар салықты уақытында төлеп келген, бизнесті бөлшектемеген, табысын жасырмаған, өз еңбегімен күн көріп, өзгелерді де жұмыспен қамтыған адамдар.
«Бізде таңдау қалмады. Қазір бәрі біртіндеп Қырғызстанға көшу жолын іздеп жатыр. Бөлшектеуді жоямыз деген еді, іс жүзінде шағын және орта бизнес жаппай жабылып жатыр. Енді бизнесті көрші елде тіркеп, сол жақта 2% салық төлейтін амалды қарастырып жатырмыз. Қазір барлық чаттарда дүрбелең, шу болып жатыр. Егер ҚҚС-қа өтсек, бәріміз жабыламыз», — дейді кәсіпкер.

Экономика үшін тізбекті салдар
Егер жеке кәсіпкерлер жаппай жабыла бастаса, бұл тек шағын емес, орта бизнеске де соққы болады. Себебі көптеген ЖШС жеке кәсіпкерлермен тығыз жұмыс істеп келген. ИП-лардың жабылуы жеткізу тізбегінің үзілуіне және жұмыс орындарының қысқаруына әкеледі.
«Нәтижесінде мемлекет салық базасынан айырылуы мүмкін. Өздері көлеңкелі экономиканың өсуіне жол беріп отыр. Ертең жұмыссыздық деңгейі күрт артса, әлеуметтік төлемдерге қаражаты жетеді ме біздің елдің? Онда ертең бәріне жұмыссыздық бойынша жәрдемақы төлесін», — дейді кәсіпкер.
Алда не күтіп тұр?
2025 жылы 18 шілдеде Президент жаңа Салық кодексіне қол қойды. Ол 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Құжатқа сәйкес ҚҚС-тың базалық мөлшерлемесі 12%-дан 16%-ға дейін өседі. Медицина саласы үшін төмендетілген мөлшерлемелер қарастырылған 2026 жылы — 5%, 2027 жылы — 10%. ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегі төмендейді. Салықтық әкімшілендіру күшейтіледі.
Үкімет бұл өзгерістерді экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз ету және бюджетті теңгерімдеу қажеттілігімен түсіндіреді. Алайда кәсіпкерлер мұндай өзгерістерді бюджетті толтырудың жолы және кәсіпкерлерді тұншықтыру ретінде қабылдайды.
Бүгін жеке кәсіпкерлер осы сұрақ бойынша билік өкілдері мен депутаттармен кездесуге қатысады. Кездесу нақты нәтиже бере ме? Қандай шешім қабылданады? Кәсіпкерлердің үні естіле ме? Бұл туралы біз келесі материалда жазамыз.