Алайда бизнестегі әйелдердің табысына кедергі келтіретін бір жайт бар. Салықтық әкімшілендірудің күрделілігі мен бюрократиялық талаптардың көптігі. Осы ретте Caravan.kz медиа порталының тілшісі статистика мен зерттеуге көз жүгіртіп, тақырыпты саралап көрді.
Статистика деректеріне сәйкес, 2025 жылдың басында елде миллионнан астам әйел шағын және орта бизнесті басқарады. Яғни, кәсіп субъектілерінің жалпы санының 48,1 пайызы. Олардың көпшілігі ірі қалаларда тіркелген. Әйелдер сауда саласынан бастап, білім беру, сұлулық индустриясы мен әлеуметтік бағыттағы жобаларда жұмыс істейді.
Кәсіпкер әйелдердің саны артып жатқанына қарамастан, ғылыми зерттеулер салықтық жүктеме мен әкімшілендірудің күрделілігі әйелдер мен ерлерге әртүрлі әсер ететінін көрсетіп отыр. Мұндай зерттеулердің бірі – Брукингс институтының еңбегі.
Дүниежүзілік банк сарапшысы Хитоми Коматцуның «Әйелдердің экономикалық құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту үшін жеңілдетілген салық режимдерін әзірлеу» атты мақаласында Африка елдеріндегі салықтық әкімшілендіру және оның әйелдер бизнесіне әсері талданған.
Бұл зерттеу Қазақстан үшін де маңызды. Ekonomist.kz сарапшысының пікірінше, еліміз төмен және орта табысты елдер қатарына жатады. Сондай-ақ біздің әйелдер көбіне жоғары рентабельділігі жоқ салаларда кәсіп жүргізеді. (ҚР БҒМ Экономика институтының аға ғылыми қызметкері, PhD Зайра Сатпаеваның 2021 жылғы әйелдер кәсіпкерлігі туралы зерттеуі).
«Әйелдер ірі компаниялардың иелері немесе жоғары корпоративтік лауазым иелері болудан гөрі көбіне шағын немесе бейресми бизнесті басқаратындықтан, салықтық әкімшілендірудің шамадан тыс күрделілігі ең бірінші оларға ауыр тиеді», — деп жазады зерттеу авторы.
Сонымен қатар, әйелдер көп уақытын бала күтімі мен үй шаруасына арнайды, цифрлық технологияларға, білім мен бизнес жүргізуге қажетті ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндіктері шектеулі.
Әйелдер өзін-өзі жұмыспен қамтудан ресми секторға өткен кезде әкімшілік және ақпараттық қиындықтарға жиі тап болады. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексі жоғарыда көрсетілген мәселелерді одан әрі қиындатуы мүмкін.
Салық кеңесшісі Екатерина Кимнің айтуынша, барлық өзгерістерге «аса мұқият қарау қажет»:
«2026 жылдан бастап салықтық әкімшілендіруде көптеген жаңа нюанстар пайда болады: есепті дұрыс толтырмау немесе деректердің (салық органдары) екінші деңгейлі банктерден алынуы салдарынан үлкен қосымша төлемдерге әкелуі мүмкін, тіпті кей жағдайда белгілі бір салық режимін қолдана алмай қаласыз.
Сондықтан барлық өзгерістерге мұқият қарау керек. Әкімшілендіру аясында да солай, себебі егер сіз 2026 жылдың 1 қаңтарынан наурыз айына дейін жеңілдетілген режимге көшу туралы өтінішті уақтылы берсеңіз де, қателіктерге байланысты оны пайдалана алмауыңыз мүмкін. Бұл, әрине, жалпыға бірдей режимге өтуді білдіреді, онда табыс шектері және жоғары мөлшерлемелер қарастырылған. Кәсіпкер әйелдерге барлық өзгерістерге барынша бейімделу қажет», — дейді маман.
Сарапшылардың пікірінше, салықтық әкімшілендіруді жеңілдету бюрократияны азайту тетігі ғана емес, сонымен қатар әйелдердің экономикалық құқықтарын кеңейтудің маңызды құралы.
Ашық рәсімдер, қолжетімді цифрлық сервистер, түсінікті салық мөлшерлемелері мен нақты босату шектері әйелдер басқаратын кәсіпорындардың санының артуына, олардың табыстылығы мен тұрақтылығына ықпал етуі мүмкін. Маңызды қадамдардың бірі – қазіргі қолданыстағы салық режимдерінің кәсіпкерлік белсенділіктегі гендерлік айырмашылықтарды қаншалықты ескеретінін бағалау болуы тиіс.