Соңғы жылдары елімізде онкология, аутизм және қант диабеті сияқты созылмалы аурулар күрт көбейіп келеді. Бұл үрдіс жалғыз Қазақстанда емес, бүкіл Орталық Азияда байқалуда. Үнсіз эпидемияның тамыры неде? Балалардың ауыруының себебі тек экология ма, әлде басқа да факторлар бар ма? Ең бастысы мемлекет пен қоғам қандай шаралар қабылдап жатыр? Caravan.kz медиа порталы жалғастырады.
Соңғы онжылдықтарда Қазақстан мен Орталық Азия елдерінде балалар арасындағы онкологиялық аурулар, аутизм және қант диабеті секілді созылмалы дерттер саны артып келеді. Бұл аурулар бұрын сирек кездесетін. Сондай-ақ ерекше жағдайлар санатында қаралатын. Алайда бүгінде олардың таралуы тұрақты түрде артып келеді. Соған қарамастан, қоғам мен мемлекет тарапынан тиісті шаралар жеткіліксіз дейді мамандар. Аталмыш дерттер қоғамда кең талқыланбай, үнсіз таралып жатқан жасырын эпидемияға айналуда.
Балалар онкологиясы: Семей полигонының көлеңкесі
Елімізде балалар онкологиялық ауруларының көбеюі алаңдатарлық жағдайға жетті. 2023 жылы 1200 балаға онкологиялық диагноз қойылған. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 15%-ға артып отыр. Мамандардың айтуынша, мұндай көңіл көншітпейтін көрсеткіштерге бірқатар факторлар әсер етіп отыр. Атап айтқанда, Семей ядролық сынақ полигонының ұзақмерзімді әсері, радиациялық фонның әлі де жоғары болуы, экологиялық ластану мен ауаның сапасы бар.
Семей полигоны несімен қауіпті?
Семей ядролық сынақ полигоны әлі күнге дейін радиация көзі саналады. Соңғы жарылыстан бірнеше ондаған жыл өткеніне қарамастан, радиациялық әсер халықтың денсаулығына кері әсерін тигізуде. Сол жылдары тұрған халықтың ғана емес, олардың ұрпақтары да зардабын тартып келеді.
Жоғары дозадағы радиация, мысалы, 4–5 зиверт немесе шамамен 500 рентген сәулеленгендердің жартысына жуығын бір ай ішінде мерт етуі мүмкін. Куәгерлердің естеліктері бойынша, жарылыстардан кейін адамдарда жүрек айну, күйік, шаш түсу сияқты белгілер байқалған. Ол кезде бұл симптомдар жиі тұмау ретінде жасырылған.
Ең қауіптісі жылдар бойы байқалмай, ағзада жинақталатын шағын мөлшердегі радиация. Мұндай созылмалы сәулелену ДНҚ-ны зақымдап, генетикалық мутацияларға алып келеді, қан тамырларын ерте қартаюға ұшыратады, иммундық жүйенің жұмысын бұзады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, Семейде инфаркт, инсульт және қант диабеті республикалық орташа көрсеткіштермен салыстырғанда үштен бір есеге жиірек кездеседі.
Онкологиялық аурулар радиацияның ең айқын салдарының бірі. Шығыс Қазақстан және Абай облыстары қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім бойынша көш бастап тұр. Әр 100 мың адамға шаққанда 95 жағдай, ал бұл көрсеткіш республика бойынша орта есеппен-70. Радиациялық мүгедектік бойынша берілген өтініштердің шамамен 70%-ы онкологиялық ауруларға қатысты.
Қазір қатерлі ісіктер жастар арасында да жиі тіркеліп отыр. 30 жас шамасындағы азаматтарда лейкоз және қалқанша бездің қатерлі ісігі анықталуда. Қауіпті аймақта өскен жасөспірімдерден генетиктер хромосомалық мутациялар тапқан. ICAN халықаралық науқанының бағалауы бойынша, әлемдегі ядролық сынақтар шамамен 2,4 миллион қосымша онкологиялық жағдай туындатқан. Бұл көрсеткіштің ішінде Семей полигонының үлесі айтарлықтай.
Көптеген семейліктер сынақтарға куә болмағанымен, олар оның салдарымен өмір сүріп жатыр. Кейбір отбасылар өздерін «хибакуся» деп атайды. Бұл термин Жапонияда атом бомбасы жарылысынан аман қалған адамдарға қатысты қолданылады. Бұл сөз енді Қазақстан тарихының да бір бөлігіне айналуда: бізде де атом дәуірінің куәгерлері бар.
Радиацияның тек физиологиялық емес, психологиялық салдары да ауыр. Аймақ тұрғындары арасында созылмалы стресс, мазасыздық, депрессия кең таралған. Адамдар өз жерінде өмір сүріп жатыр, бірақ оның қауіпті екенін іштей сезінеді. Бұл үрей буыннан буынға беріліп, күнделікті өмірдің бір бөлшегіне айналған. Сондықтан радиация туралы әңгіме бұл тек медицина емес, бұл ұмытпау, түсіну және қамқорлық жайындағы әңгіме.
Диабет: балалар арасындағы 20%-дық өсім
2023 жылы бірінші типтегі қант диабетімен ауыратын 3500 бала тіркелген. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 20%-ға жоғары. Аурудың өсуіне ықпал ететін себептер қатарына генетикалық бейімділік, жоғары калориялы тағамдардың көбеюі, фастфудқа тәуелділік, физикалық белсенділіктің азаюы, сонымен қатар урбанизация мен өмір сүру салтының өзгеруі жатады. Балалар арасындағы семіздік 2000 жылғы 5%-дан 2023 жылы 12%-ға дейін өскен.
Аутизм: екі есеге артқан диагноз
Қазақстанда аутизм спектрі бұзылыстары (АСБ) бар балалар саны 2018 жылы 3500 болса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 7000-ға жеткен. Жергілікті мамандар бұл өсімді бір жағынан диагностиканың жақсаруымен, екінші жағынан экологиялық және әлеуметтік факторлармен байланыстырады. Кейбір аймақтарда топырақтағы сынап мөлшерінің жоғары болуы, ТМД елдеріне тән стигма, мамандардың жетіспеушілігі бұл мәселені ушықтырып отыр. АСБ диагнозы қойылған балалардың тек 20%-ы ғана нақты көмек ала алады.
Орталық Азиядағы жағдай
Өзбекстанда онкология бойынша жыл сайын шамамен 800 балаға диагноз қойылады, оның ішінде лейкемия 35%-ды құрайды. Арал өңірінің экологиялық зардабы, пестицидтердің су көздеріне түсуі басты себептердің бірі. Диабетпен ауыратын балалар саны 2800, жыл сайын 8%-ға артуда. АСБ бойынша 4500 жағдай тіркелгенімен, сарапшылар нақты сан үш есе көп болуы мүмкін дейді. Ата-аналардың 60%-ы көмекке жүгінуден қорқады, себебі аутизм психикалық ақау ретінде қабылданады.
Қырғызстанда онкологиялық сырқаттар соңғы бес жылда 10–12%-ға артқан. Диабетпен 1000–1500 бала ауырады деген болжам бар. 100 000 балаға шаққанда бар болғаны 2 педиатр-эндокринолог қызмет етеді. АСБ бойынша ресми түрде 2000 жағдай тіркелген, ал ҮЕҰ мәліметтері бойынша нақты көрсеткіш 5000–6000 болуы мүмкін. ЮНИСЕФ 2023 жылы АСБ бойынша бағдарламаларға 500 мың доллар бөлген, бұл нақты қажеттіліктің 10%-ын ғана өтейді.
Тәжікстанда балалар онкологиясы бойынша нақты статистика жоқ, бірақ аурудың өсу үрдісі байқалады. Мамандандырылған орталық тек Душанбе қаласында бар. Диабет бойынша мәліметтер толық емес, бірақ 1000–1500 жағдай болуы мүмкін. АСБ бойынша ресми дерек жоқ, болжам бойынша 1000–2000 бала осы бұзылыспен өмір сүруде. Қоғамда онкологиялық дерт «жаза» деп қабылданып, ата-аналар диагнозды жасырып, көмекке жүгінбейді.
Түрікменстанда мемлекеттік деректер мүлде жарияланбайды. Мамандардың айтуынша, елдегі жағдай көршілес елдерге ұқсас болуы мүмкін: 800-дей бала диабетпен ауырады деген болжам бар. АСБ бойынша да мәліметтер жабық, дегенмен, мамандар 1000–2000 баланы қамтуы мүмкін деп болжайды. Мемлекеттік қолжетімділік шектеулі, ал ақпараттық жұмыс жоқтың қасы.
Мәселенің тамыры тереңде
Орталық Азияда сырқаттардың таралуына әсер ететін негізгі факторлар:
• Экологиялық қауіп: өндірістік қалдықтар, ауа мен судың ластануы. Ташкенттегі ауа сапасы 2023 жылы ДДҰ нормасынан үш есе нашар болған.
• Генетикалық бейімділік: аутизм мен диабет жағдайында ерекше рөл атқарады.
• Әлеуметтік өзгерістер: урбанизация, фастфуд тұтыну, физикалық белсенділіктің азаюы.
• Медициналық инфрақұрылымның әлсіздігі: мамандар жетіспейді, ауылдық жерлерде диагностика жоқ.
• Стигма мен мифтер: ата-аналар балаларын дәрігерге апарудан қорқады.
Мемлекеттік жауап қандай?
Қазақстанда 2020 жылдан бастап балалар онкологиясы бойынша ұлттық бағдарлама жүзеге асырылуда, бірақ қажеттіліктің тек жартысын қамтиды. Өзбекстанда инсулин тек 30% балаға тегін беріледі. Қырғызстан мен Тәжікстанда арнайы бағдарламалар жоқ. Түрікменстанда деректер мүлде ашық емес. Халықаралық ұйымдар көмектескенімен, бұл көмек жеткіліксіз.
Мамандар мен сарапшылар кешенді шешім ұсынады:
1. Диагностиканы күшейту – генетикалық және скринингтік бағдарламалар енгізу.
2. Инфрақұрылымды дамыту – мамандар санын арттырып, өңірлік орталықтар құру.
3. Экологиялық қауіптерді азайту – тазарту жүйелерін жақсарту, қалдықтарды бақылау.
4. Ақпараттық науқан жүргізу – стигма мен мифтерді жою үшін халықпен жұмыс.
5. Халықаралық әріптестік – тәжірибе алмасу, донорлық қаржы тарту.
Қазақстан мен Орталық Азияда балалар арасында онкология, аутизм және диабет бойынша «үнсіз эпидемия» өршіп келеді. Қазіргі жағдай тек айсбергтің ұшы ғана. Егер жүйелі әрі шұғыл шаралар қолға алынбаса, бұл дерттер қоғам мен денсаулық сақтау жүйесіне үлкен соққы болып тиеді. Ертең кеш болмай тұрғанда нақты қадамдар жасалуы тиіс.
Оқи отырыңыздар: «Аутизм таблеткамен емделмейді»: Өзбек клиникары ата-аналарға жалған үміт беріп, қалталарын толтыруда
«Психиатрға қаралу ұят емес»: Цифрлі аутизм балалар арасында белең алып барады