Africa Eco Race: «Астана» бесінші кезеңді сәтті аяқтады
Қазақстандық «Астана» командасының экипажы Марокко аумағы бойынша 689 шақырымды еңсеріп, Africa Eco Race-2013-тің бесінші кезеңін сәтті аяқтады. |
Бұл туралы Vesti.kz хабарлады.
2 қаңтар күні Юрий Сазонов пен Арслан Сахимовтың басқаруындағы BOWLER жол талғамайтын көлігі жарысты 4 сағат 13 минут 28 секундта 20-шы болып аяқтады. Т1 санатында қазақстандықтар 15-інші орынға табан тіреді.
Қанат Шәгіров пен Александр Мороз тізгінін ұстаған MEBAR М440 жол талғамайтын көлігі барлық көліктер арасында Т2 және Т1 санаты бойынша кезекті рет бірінші болды. Экипаждың уақыты - 4 сағат 16 минут 34 секунд.
Бұған дейін хабарланғандай, пилоттар Марат Әбіқаев пен Жанат Жалымбетов басқаратын «Астананың» үшінші экипажы көліктерін қалпына келтіре алмай, жарыстан түсіп қалды.
Кезеңнің жеңімпаздары француздық Loomans Racing командасының мүшелері Жером Пеличет пен Хавьер Пансери болды. Екінші орын Sonangol Schlesser командасының экипажы Жан-Луи Шлессер мен Сирил Эскирольдің, үшінші орын ресейліктер Антон Григоров пен Сергей Мишиннің еншісінде.
Бес кезеңнің нәтижесі бойынша көшбасшылық позицияны Шлессер мен Эскироль сақтап қалуда, олардан кейін Пеличет пен Пансери келеді. Үшінші орында - чехиялық Offroad sport командасының мүшелері Мирослав Заплетал мен Масьек Мартон. Қазақстандықтар Сазонов пен Сахимовтың экипажы - 18, Шәгіров пен Мороздың экипажы 21-інші орында.
Ралли қатысушылары тағы жеті кезеңді еңсерулері тиіс, жарыстар Дакардың Қызылала өзенінде 9 қаңтар күні аяқталады. 3 қаңтар күні жарыскерлер демалатын болады.
Басты сөздер: Қоғам , Спорт
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін