Жарияланды: 390

Александр Винокуровқа Париж госпиталінде операция жасалды

«Pro Team Astana» командасының велошабандозы Александр Винокуровқа Париж госпиталінде сәтті операция жасалды,

деп хабарлады команданың ресми сайтынан. Спортшының Тур де Франстың 9-шы кезеңінде құлап, ауыр жарақат алғанын ҚазАқпарат бұған дейін хабарлаған болатын. Топтың басында келе жатқан «Астана» командасының көшбасшысы еңіске түсу кезінде жолдың шетіне шығып кетіп, құлаған еді. Винокуров шұғыл Орийк госпиталіне жеткізіліп, онда рентгенге түсіріледі. Оның оң жақ жамбас сүйегі сынғаны анықталады. 10 шілде күні кешке Париждегі La Pitié Salpetriere госпиталіне жеткізіліп, операция жасалады. «Операция сәтті өтті. Ертең Александрға Қазақстаннан зайыбы ұшып келеді», - делінген ресми хабарламада. Винокуровтың айтуынша, Тур де Франс турнирі ол үшін мұндай ауыр аяқталады деп ешқашан ойламаған екен. «Бұл мен үшін өкініш, мен бүгін қатты қапаланып отырмын. Бірақ, жағдайдың бұдан да жаман болуы ықтимал еді ғой деп өзімді жұбатудамын. Алған жарақатым мені енді біраз уақытқа тоқтатып отыр, сондықтан да Турды теледидар арқылы көріп, «Астана» командасына жанкүйер боламын. Достарымның мені ұмытпайтынына, бір кезеңде болса да жеңіске жетуге тырысатындарына сенемін»,- дейді спортшы. Команда көшбасшысының жарыс жолынан шығып қалуы жалпыкомандалық есепке әсерін тигізетіні сөзсіз. А. Винокуров жалпы есепте 11-ші болып келе жатқан және көшбасшы Team Garmin-Cervelo командасының өкілі норвег Тор Хушовдқа небәрі 32 секунд есе жіберіп келе жатқан. «Астана» командасында А.Винокуровтан кейінгі үздік көрсеткіш француз Реми Ди Григорионікі, бірақ ол норвегтен 13 минут 51 секундқа қалып, 69-шы орында келе жатыр, сондықтан да одан үлкен үміт күтуге негіз жоқ.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін