Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Айдос Сұлтанғали — ел тарихында араға 26 жыл салып грек-рим күресінен әлем біріншілігінің бас жүлдесін жеңіп алған спортшы. Ол Sport+ Qazaqstan You Tube арнасына берген сұхбатында чемпиондық атаққа қол жеткізгеннен кейін өмірінде қандай өзгерістер орын алғанын айтып берді.
”Кезінде маған пәтер берілетін болған. Бірақ оны көлікке ауыстырып берді. Шүкір, сол көлікпен жүрдім. Әлем чемпионы болғанға дейін пәтер жалдап тұрдым. Әйелім “далада қаламыз ба” деп қорқатын. Сол кезде “еш саспа, ертең мен бір жерді жарып келем, сол кезде өздері маған береді деп айтқан едім. Сол жақсы сөзге, ниетімізге орай үйді де, көлікті де берді”, — дейді спортшы.
Сондай-ақ, спортшы чемпион болатынын іштей сезгенін де айтты.
”Жарыстың алдында Ұлттық құраманың бас бапкері басымызды қосып, ас берді. Сол кезде бір бірімізге тілек айттық. Мен команданың ерік-жігерін көтерейін деп “жігіттер, кім әлем чемпионы болса, сол адам барлық атаққа лайық болады. Сондықтан тарихты жаңартайық, суырылып, алтынға таласайық” дедім. Сол алтын өзіме бұйырып тұр екен. Түпкі санада “мен бір жерді жарып келем” деген сенім болды. Осы жолы дайындық мықты болды. Бір жағынан іштей өзіме “Айдос, 100% дайынсың. Осы жолы өзіңді көрсете алмасаң, осал адамсың.Тарихты жаңартуың керек ” дедім. Қолдан келді. Бұған дейін қола мен күмісті қанағаттанбадық. Өйткені еліңнің туы жоғары тұрғаны бөлек сезім. Ту көтеріліп, әнұран шырқалып бітем дегенше барлық еңбегің, жарақатың көз алдыңнан өтеді және барлық көрген қиындығың ұмытылып кетеді”, — дейді ол.
Айдос Сұлтанғали — грек-рим күресінің балуаны. Әлем чемпионаттарының екі дүркін жүлдегері және 2025 жылғы әлем чемпионы.