Алматы мен Шымкент волейболшылары Жоғары лиганың «А» тобындағы ел чемпионатында қатар келеді
Теміртауда өтіп жатқан волейболдан Жоғары лиганың «А» тобындағы ерлер командалары арасындағы ел чемпионатының екінші турында |
Алматының «Ұшқын-ҚазҰАУ» командасы алғаш рет жеңілістің ащы дәмін татты. Алғашқы турда қарсылас шақ келтірмеген олар өзін өкшелеп келе жатқан Шымкенттің «Қазығұрт-Динамо» командасына 3:1 есебімен есе жіберді. Қазір қос команда да 29 ұпаймен турнир кестесінде қатар келеді. Ойындардағы партиялар қатынасының коэффициенті бойынша онда алматылықтардың (3,44) бағы жануда. Одан 0,2 коэффициентке артта қалып қойған шымкенттіктер екінші орынды қанағат тұтуда. Ал Өскеменнің «Шығыс-ҚорғасынҚұрлысы-2» командасы 24 ұпаймен үздік үштікті түйіндеуде. Ал «Ертіс-АҚ» (Павлодар) - 17, «Есіл-Виктория» (Қызылжар) - 11, «Жайық-Конденсат» (Орал) - 9, «Семей» - 7, «ВСМК АрселорМиттал» (Теміртау) - 6 ұпаймен сәйкесінше 4-8 орындарды бөлісуде.
Алда әлі 3 ойын бар. Бұл сында 1-2 орындағы командалар 1-ші орынға таласын ары қарай жалғастырса, алаң қожайындары турнир кестесіндегі жағдайын жақсартуға тырысатын болады.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін