Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Халықаралық бокс федерациясы (IBA) ұйымдастырған әлем чемпионаты 3-13 желтоқсан аралығында өтеді. Жарыстың басты ерекшелігі сол, жекпе-жектер әдеттегідей жабық спорт кешенінде емес, ашық аспан астындағы тенннис орталығында өтуде.
Осы ретте тәжірибелі бапкер Мырзағали Айтжанов журналист Аслан Қаженовке берген сұхбатында бұл жаңашылдықтың отандық боксшыларға қалай әсер етіп жатқанын айтты.
”Ашық аспан астында жұдырықтасудың өзі оңай емес. Барлық жарыстар жабық спорт кешендерінде өтіп жүрді. Сондықтан бұл да бір жаңалық болып жатыр. Бұның бір қиыншылығы жабық кешенде жұдырықтасып үйреніп қалғандар бірінші кездесулерінде қиындыққа тап болып жатыр. Себебі, ауа, кислород көп. Оның да өз әсері болады. Бірінші, екігші кездесуден өткендер осыған бейімделіп жақсы өнер көрсетеді”, — дейді ол.
Сондай-ақ, бұрынғы бас бапкер боксшыларға сыйақы емес, елдің абыройы жігер сыйлайтынын да тілге тиек етті.
”Бірінші кезекте елдің абыройы. Елдің атын шығару үшін жұдырықтасады. Сыйақы, басқа да дүниелер қосымша нәрселер”, — дейді ол.
Еске сала кетейік, жарыстың жүлде қоры бокстағы рекордтық көрсеткіштердің бірі. Чемпиондарға — 300 мың доллар, күміс жүлдегерге — 150 мың доллар, қол жүлдегерге — 75 мың доллар тағайындалған. Ал ширек финалға шыққандар 10 мың доллар алады.