«Астана арландары» командасының еншісіне алдын ала бір ұпай жазылды
Бүгін Астанада WSB нұсқасы бойынша «Астана арландары» мен «USA Knoukots» арасында өтетін жекпе-жек алдындағы ресми салмақ өлшеу болды. |
23 қараша күні өтетін матчта 50-54 келі салмақта Бағдат Әлімбеков (Қазақстан) Джо Грегори Переспен (АҚШ), 57-61 келіде Самат Бәшенов (Қазақстан) Анвар Юнусовпен (Тәжікстан), 80-85 келіде Хрвоже Сеп (Хорватия) Марко Каличпен (Хорватия), +91келіде Руслан Мырсатаев (Қазақстан) Иштван Бернатпен (Венгрия) қолғап түйістіреді. Ал 68-73 келіде Мирас Байырханов (Қазақстан) пен Кларенси Джозеф (АҚШ) арасындағы кездесу алдын ала жерлесіміздің пайдасына шешілді. Себебі американдық боксшының салмағы бүгін өлшену барысында белгіленген шамадан 1 келіге асып кеткендігін көрсетті. Осылайша, «Астана арландары» командасының еншісіне 1 ұпай жазылды.
Естеріңізге сала кетейік, екі команда да өздерінің алғашқы кездесулерін өткізіп үлгерді. Қазақстандық «Астана арландары» клубы алғашқы кездесуінде «Украин атамандарын» 3:2 есебімен ұтса, америкалықтар өз алаңында Ұлыбританияға 1:4 есебімен жол берген еді. Келесі кездесуді «Астана арландары» 8 желтоқсан күні Алматыда Англияның «British Leonhearts» командасына қарсы өткізеді.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін