Жарияланды: 410

«Астана» велоклубының құрамына танымал екі велошабандоз енуі мүмкін

«Астана» велоклубы ағымдағы аптада аттары әлемге танымал екі шабандозбен келісімшартқа отыруы мүмкін. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының басқарушы директоры Дархан Кәлетаев айтты.

«Үстіміздегі аптада келіссөздер аяқталып, аттары әлемге әйгілі екі велошабандозбен келісімшарт жасалуы мүмкін. Әрине, велошабандоздардың халықаралық одағының (UCI) ережесіне сәйкес Тур де Франс-тың соңына дейін ол құпия сақталады және сол уақытқа дейін ешбір ақпарат жарияланбайды. Ол велошабандоздар UCI жарысына қатысушылар рейтингісінің алдыңғы бестігіне кіреді», - деді Д.Кәлетаев «Астана» велокомандасының фан-сайтына шыққан сұхбатта. Кәлетаевтың сөзіне қарағанда, бірқатар белгілі райдерлерден ұсыныстар түсті. «Бірақ әңгіме «Астана» велокомандасы туралы болғанда барлығының «тәбеті» ашылып, үлкен қаламақылар сұрайды. Мен айтып өткенімдей, бұл мемлекеттің, бюджеттің ақшасы, сондықтан оны оңды-солды шашуға болмайды. Асықпай ойлану қажет», - деді ол. Айта кетейік, бұған дейін жекеменшік демеушілер қолдап келген «Астана» велоклубын соңғы екі жылда мемлекет өз қамқорлығына алды. Ал командаға испандық Альберто Кантодор алынуы мүмкін бе? деген сұраққа Д.Кәлетаев: «Болмайтын еш нәрсе жоқ, барлығы мүмкін», - деп жауап қайырды. Оның айтуынша, қазір клуб басшыларына малайзиялық әріптестер команданы Малайзияда өтетін Лангкави Турына қатыстыру ұсынысын жасады. Себебі, «Астана» - Про-Турдағы жалғыз азиялық команда. «Астананы» өз жарыстарында көргісі келетіндер көп, себебі командада бренд, атақ және дәреже бар. «Астананың» болашағы жарқын, команда жас болғандықтан, үміт өте жоғары», - деп түйіндеді Д.Кәлетаев. Таяуда әлемдегі ең көне, әрі беделі жоғары көпкүндік жарыс - Джиро д'Италияның 94-ші жарысы аяқталды. «Астана» командасының көшбасшысы чехиялық жас шабандоз Роман Кройцигер Миланда ең үздік жас велошабандоздың ақ майкасы - «малия бьянканы» киді. Команданың қорында командалық есептегі бірінші орын және таулы кезеңдегі жеңіс бар, оны итальяндық кәсіпқой жарыскер Паоло Тиралонго алып берген болатын.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть