Астанада әлемнің танымал конькишілерінің сайысын көру - тегін
![]() |
Ертең, 1 желтоқсан күні Астанадағы «Алау» мұз айдыны сарайында конькимен жүгіру спортынан «Әлем кубогы» сайыстарының кезеңі өтеді. |
Беделді жарысқа 20 елден 170-тен астам спортшы қатысады.
Әлем кубогі 8 кезеңнен тұрады. Оның ең алғашқысы биыл 16 қарашада Голландияның Херенвеен қаласында өткен болатын. Маусым бойы қажетті ұпайларын түгендеп алған спортшылар, турнирдің ақтық кезеңінде Кубокке таласатын болады. Сонымен қатар кезеңдер барысында үздік атанған спортшылар қысқы Олимпиадаға және Әлем чемпионатына жолдама алады. Сондықтан бүгінгі таңда Әлем кубогі халықаралық жарыстардың ішінде бәсі жоғары дода болып есептеледі. Ел құрамасында өнер көрсететін спортшылар да осыған орай Азия чемпионатынан бас тартып, аталмыш кубокқа тыңғылықты дайындалып келген.
Маусым басында ұпайларды жиып алуды ойлайтын әлемнің ең мықты конькишілері де бүгінде Астанаға ат терлетіп келіп отыр. Олардың қатарында 2010 жылдың Олимпиада чемпионы, 2006 жылғы Олимпиада ойындарының топтық жарысында алтын иеленген канадалық спотшы қыз Кристин Несбитт, 1500 метр қашықтыққа конькимен жүгіруден 2006 жылғы Олимпиада чемпионы, әлем рекордттарының бірнеше дүркін иесі Синди Классен, командалық жарыста Олимпиада чемпионы, 1500 метр қашықтықта жарысудан әлемнің екі дүркін жеңімпазы Дэнни Моррисон бар. Чехиядан жасөспірімдер арасында әлем чемпионы, командалық сайыста Әлем кубогінің иегері Каролина Эрбанова мен Олимпиада чемпионы, әлем және Еуропаның бірнеше дүркін жеңімпазы, әлем рекордсмені Мартина Сабликова келген.
Сонымен қатар қазақстандық спортсүйер қауым Франция құрамасының үздігі Алексис Кантина, неміс қызы Клаудиа Пехштайн, жапондық Эрико Ишино, Корея елінен Олимпиада чемпионы Сен Хун Ли, американдық Шани Дэвис, норвегиялық Ховард Бокко, ресейлік Екатерина Лобышева, Ольга Граф және Иван Скобрев сынды дүниенің ең мықты конькишілерінің жарысын көре алады.
Жарыс 1-2 желтоқсан күндері өтеді. Әлем кубогінің сайыстарын көрем дейтін көрермендерге кіру - тегін.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін