Жарияланды: 540

Астанада саңыраулар арасында Қазақстан Республикасының футбол чемпионаты өтеді

Шілденің 5 мен 9-ы аралығында Астанада саңыраулар арасында футбол спортынан Қазақстан Республикасының кезекті чемпионаты өтеді . Бұл туралы KZ-today тілшісіне біріншілікті ұйымдастырушылар хабарлады.

Бәсекеге Астана, Семей, Петропавловск, Павлодар, Көкшетау, Ақтөбе, Тараз, Талдықорған, Шымкент және Алматы құрамаларын қамтыған ұзын саны 150 спортшы мен жаттықтырушы қатысады. Бұл жарыс - алдағы жылы Малайзияда өтетін Азия аймағының іріктеу ойындарына қатысатын еліміздің Ұлттық құрамасына мықты спортшыларды таңдау мақсатымен өткізіледі. Ең таңдаулы екі құрама 2005-жылы Австралияның Мельбурн қаласында өтетін саңырау-мүгедектер арасындағы Олимпиада ойындарына жолдама алады. Футбол спортынан мүгедектер арасындағы Ұлттық біріншілік елімізде 1993-жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Бұған дейін Қазақ ССР-інің құрамасы 1986-жылғы Кеңестік чемпионатта бірінші орынды жеңіп алған болатын. Ал 1996-жылы тәуелсіз Қазақстан құрамасы Малайзияның Куала-Лумпур қаласында өткен Азиялық ойындарда 12 құраманың арасында 5-орын иемденді. 2000-жылы Тайваньның Тайбэй қаласында Қазақстандық спортшылар бір саты жоғары көтеріліп 4-орынды жеңіп алды. Қазақстан құрамасы сондай-ақ, бұдан басқа да көптеген турнирлерге қатысып жүлделі орындарда көріне білді. Чемпионатты өткізуге ҚР туризм және спорт жөніндегі Агенттігі, штатты ұлттық құрамалар мен спорттық резервтер дирекциясы, мүгедек-спортшылардың Астанадағы "Қайсар" спорт мектебі , "ЭксонМобил Қазақстан инк." компаниясы мен Алматы тоқыма комбинаты қатарлы мекемелердің қолдауы арқасында жүзеге аспақ.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть