Жарияланды: 460

Астанада жасөспірімдер арасында бокстан Әлем чемпионатының алғашқы күні өтті

Кеше, сенбіде Астанада жасөспірімдер арасында бокстан Әлем чемпионатының алғашқы күні өтті.

Атап айтқанда, 48, 52, 57 және 63 келі салмақ дәрежелері бойынша алдын ала сайыстар өтті. Онда өнер көрсеткендердің ішінде Моңғолия, Түркия, Украина, Өзбекстан мен Ресей елдерінен келген жасөспірім боксшылардың деңгейін ерекше атап өтуге болады. Қазақстан құрамасы сапынан шаршы алаңға әзірше тек 57 келі салмақ дәрежесіндегі боксшы Ерболат Ермеков шықты. Ол Тәжікстан спортшысы Шавкат Рахимовпен кездесіп, қарсыласын 23-17 есебімен тізе бүктірді. Боксшылардың алдын ала кездесулері барысында, біріншіліктің салтанатты ашылу рәсімі де ұйымдастырылды. Әлем чемпионатының шымылдығын ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов, Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығының (AIBA) президенті Чинг-Куо Ву және Қазақстанның бокс қауымдастығының басшысы Тимур Құлыбаев ашты. «Осынау ірі бокс додасының елімізде өткізілуі тұңғыш рет. Мұндай шара келешекте елімізде ересектер арасында бокстан әлем чемпионатын қабылдау мүмкіндігін иеленуге септігін тигізеді», - деді Үкімет басшысы К. Мәсімов. Бұл жарысқа қатысуға біздің елімізге әлемнің 50 елінен 500-ден астам спортшы келді. Чемпионатта Қазақстан намысын 13 жас боксшы қорғайды. Республиканың жастар құрамасының аға жаттықтырушысы - Сұлтан Костоев. Чемпионаттың финалы 30 шілдеге жоспарланған. Отандық бокс тарихында мұндай ауқымдағы турнир Қазақстанда алғаш рет өткізілуде. ҚР Туризм және спорт министрлігі, Қазақстанның бокс федерациясы мен елорда әкімдігі жарыстардың өте жоғары деңгейде өткізілуіне бар күш-жігерді жұмсауда. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Астана бокс турнирін өткізу отандық боксты дамытуға жаңа серпін беріп, жастардың спортпен шұғылдануына қызығушылығын арттыра түседі.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін