Ауыр атлетикадан Қазақстан кубогінің иегерлері анықталды
Қызылордада ауыр атлетикадан Қазақстан кубогы аяқталды. Бес күнге созылған жарысқа Астана, Алматы қалаларынан және облыс орталықтарынан 150-де аса қатысқан зілтеміршілер кімнің мықты екенін анықтады, деп хабарлайды «Аламан» агенттігі. |
Жарыс ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі, Қызылорда облысының туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы, ҚР ауыр атлетика федерациясы мен облыстық ауыр атлетика федерациясының ұйымдастыруымен өткізілді.
Кубоктің құрметті қонақтары ауыр атлетикадан ұлттық құраманың бас бапкері Алексей Ни, ауыр атлетикадан ұлттық құраманың кеңесші-бапкері Энвер Түркілери шақырылды. Сонымен қатар, үш дүркін Әлем чемпионы, 2 дүркін Олимпиада чемпионы Илья Ильин болды.
Бұл байрақты бәсекеде облыстың ерлер командасы 186 ұпаймен топ жарды. Алматы облысының командасы 170 ұпаймен екінші орыннан көрінсе, 160 ұпаймен Қостанай облысы үшінші орынды еншіледі. Ал әйелдер арасында Шығыс Қазақстан облысы (162 ұпай) жеңімпаз атанса, қалған орындарды Алматы облысы (137 ұпай) мен Қарағанды облысы (122 ұпай) иеленді.
Бұл жарыстың бір ерекшелігі 94 келі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанған спортшыға облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы тағайындаған 150 мың теңгенің сертификаты мен екі дүркін Олимпиада чемпионы Илья Ильин атындағы кубок сарапқа салынды. Әлемнің үш дүркін чемпионы, екі дүркін Олимпиада чемпионы, әлемдік рекордтардың иегері Илья Ильин жеңіске жеткен 94 келі салмақ дәрежесі алдағы уақытта жыл сайын ел біріншіліктерінде осындай жүлде тігіледі.
Сыр елінің бастамасымен қолға алынған бұл жарыстың алғашқы жеңімпазы жерлесіміз, Лондондағы ХХХ-шы жазғы Олимпиада ойындарының қатысушысы, жастар арасында Азия чемпионы, Әлем чемпионатының қола жүлдегері Александр Зайчиков болды. Ақшалай сыйлықты Илья Ильин атындағы кубокты иегеріне Ильяның өзі табыстады.
Кубок жеңімпаздары мен жүлдегерлері ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің медаль, дипломдарымен марапатталды.
Ел кубогінің қорытындысы бойынша ұлттық құрама 2013 жылы Астанада өтетін Азия чемпионатына дайындалады.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін