Ә.Жақсыбеков «Астана» футбол клубын құттықтады
![]() |
Қазақстандық футбол тарихында алғаш рет "Астана" ФК Чемпиондар Лигасының топтық кезеңінде ойнады. |
Бүгін таңертең футболшылар елордаға оралды. Орталық алаңда футболшыларды ұлықтау салтанатына астаналықтар мен жанкүйерлер жиналды.
Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков футболшыларды жеңістерімен құттықтады.
- Сіздер лайықты ойын үлгісін көрсеттіңіздер. Кеше түнде барлық елорда тұрғындары сіздерді қолдау үшін алаңға жиналды. Сіздер - Астананың ғана емес, күллі Қазақстанның мақтанышысыздар! Мемлекет басшысы отандық футболдың дамуына көп көңіл бөледі. Президенттің қолдауы арқасында ел футболшылары осындай жеңістерімен бізді қуантуда, - деді қала басшысы.
Еске сала кетейік, «Астана» футбол клубы АПОЭЛ құрамасына қарсы Никосияда өткен қарымта матчта тең ойын көрсетті. Қорытынды есеп 1:1, алайда екі матч қорытындысы бойынша «Астана» құрамасы Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне шықты. 3000-нан астам футбол жанкүйерлері түнде «Қазмедиа орталығы» алдында жиналып, үлкен экрандардан аталмыш ойынды тамашалады.
Бүгін кешке Швейцарияның Нонье қаласында орналасқан УЕФА-ның штаб-пәтерінде Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіндегі іріктеу рәсімі өткізіледі. Соның нәтижесінде отандық құраманың келесі қарсыластары анықталады. Көрсетілім Астана уақыты бойынша сағат 21:45 өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің баспасөз қызметінен.


Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін