Азия чемпионаты: Ұлттық құрама боксшылары жартылай финалда қандай нәтиже көрсетті - kaz.caravan.kz
  • $ 466.33
  • 538.47
+10 °C
Алматы
2026 Жыл
6 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Азия чемпионаты: Ұлттық құрама боксшылары жартылай финалда қандай нәтиже көрсетті

Азия чемпионаты: Ұлттық құрама боксшылары жартылай финалда қандай нәтиже көрсетті

Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында өтіп жатқан бокстан Азия чемпионатының жартылай финалдық жекпе-жектері өтуде.

  • 6 Сәуiр
  • 24
ООК

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Бұл кезеңде шаршы алаңға шыққан қазақстандық боксшылар әртүрлі нәтиже көрсетіп, бірі финалға жолдама алса, енді бірі жүлдемен шектелді. Ендеше, отандастарымыздың жартылай финалдағы нәтижелеріне қысқаша тоқталайық.

Қазақстан құрамасы сапынан алғаш болып рингке Бақыт Сейдіш (70 келіге дейін) көтерілді. Ол Қытай спортшысы Алимире Абудурейимумен өткен айқаста алғашқы раундтан бастап тізгінді өз қолына алып, басымдық танытты. Келесі раундта да қарқынын бәсеңдетпей, қарсыласынан үстем болды. Нәтижесінде отандасымыз айқын басымдықпен жеңіске жетіп, финалға жолдама алды.

Екінші болып Валентина Хальзова ел намысын қорғады. 75 келіге дейінгі салмақта финалға шығу үшін өткен  жекпе-жекте Хальзова қытайлық Бао Цзыимен қолғап түйістіріп, Азия чемпионатын қола жүлдемен аяқтады.

55 келіге дейінгі салмақтың 1/2 финалында Моңғолия өкілі Билгуунсайхан Хархуумен жұдырықтасқан Махмұд Сабырханға да сәттілік серік болмады.

Үш раундтың қорытындысы бойынша моңғолиялық спортшы төрешілердің шешімімен 5:0 есебімен жеңіске жетті. Ал Махмұд Сабырхан Азия біріншілігін қола жүлдемен аяқтады.


Ал әйелдер құрамасы сапынан бірдей екі боксшымыз финалға жолдама алды. Атап айтқанда, Надежда Рябец 80 келіге дейінгі салмақта бақ сынап, үндістандық Пужа Раниді 3:1 есебімен жеңіп, алтын медаль үшін сынға түсу мүмкіндігіне ие болды.

Сондай-ақ, +80 келі салмақта өнер көрсететін Дина Исламбекова да финалға шықты. Ол жартылай финалда өзбекстандық Олтиной Сотимбоеваны төрешілер шешімімен жеңді.

Ерлер құрамасының жарқын өкілдерінің бірі Ертуған Зейнуллинов 65 келіге дейінгі салмақта жартылай финалда таиландтық Бунжонг Синсиримен қолғап түйістірді. Үш раундқа созылған тартысты жекпе-жектің қорытындысы бойынша қарсыласы төрешілер шешімімен 3:2 есебімен басым түсті. Осылайша отандасымыз құрлық біріншілігінің финалына өте алмай, қола жүлдемен аяқтады.

Кешкі сессияда Қазақстан құрамасынан соңғы болып өнер көрсеткен Төрехан Сабырхан (70 келі) қытайлық Пейченг Уангпен кездесіп, қарсыласын 3 рет нокдаунға түсірді. Нәтижесінде төреші екінші раундта кездесуді аяқтау туралы шешім шығарды. Осылайша отандасымыз мерзімінен бұрып жеңіске жетіп, бокс жанкүйерлеріне ерекше эмоция сыйлады.


Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласындағы Азия чемпионатының жартылай финалдық кезеңі Қазақстан құрамасы үшін нәтижелі өтті деуге болады. Бірқатар боксшыларымыз финалға жолдама алып, алтын медаль үшін таласуға мүмкіндік еншілесе, енді бірі ел қоржынына қола жүлде салды. Алдағы финалдық жекпе-жектерде отандастарымыздың жеңіс жолын жалғастырып, ел намысын абыроймен қорғайтынына сенім мол.