Баходирмен 12 раундтық жекпе-жек өткізетін болсам, қуанамын - Қамшыбек Қоңқабаев - kaz.caravan.kz
  • $ 512.83
  • 600.58
-7 °C
Алматы
2026 Жыл
7 Қаңтар
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Баходирмен 12 раундтық жекпе-жек өткізетін болсам, қуанамын - Қамшыбек Қоңқабаев

Баходирмен 12 раундтық жекпе-жек өткізетін болсам, қуанамын - Қамшыбек Қоңқабаев

Боксшы, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев өзінің байырғы қарсыласы Баходир Жалоловтың физикалық ерекшелігі туралы айтты.

  • 6 Қаңтар
  • 233
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Ол “Pluste Bol” арнасына берген сұхбатында өзбекстандық боксшының ерекшеліктерін атады.

”Оның бойы ұзын, мен 1.90 болсам, ол 2.05, 15 см айырмашылық бар. Ол 120 келі болса, мен 96 болып шығамын. Ол табиғи аса ауыр салмақтағы боксшы. Мысалы, оның 91-ге түсуі физика жағынан мүмкін емес. Мен Париждің алдында кәсіпқой боксқа шығып жүргенде салмағымды 90-ға түсіріп жүрдім. Мен сол салмақта өзімді жылдам, ыңғайлы сезінемін. Бірақ 100 келі болсам, ойыма келген іс-қимылдарды жасай алмаймын”, — дейді ол.

Қамшыбек Қоңқабаев боксшы қандай жағдайда өсетінін де түсіндірді.

“Оқу-жаттығу жиынында сенен мықты қарсылас болса, сенде өсу болады. Сенімен бірдей немесе деңгейі төмендер болса, өзіңнен кейінгілерге пайдаң тиюі мүмкін. Бірақ, сен өспейсің. Жалпы бокста спортшы солай өседі. Мен 2010 жылдары 19 жасымда солай өстім. Шетелге барып, өзіңнен мықтылармен жұдырықтассаң, ол да өз септігін тигізер ме еді деген ой бар. Біз 2019-2020 жылдары 1-2 айға екі рет бардық. Ол уақыт аздық етті. 2018 жылдың басында Жалолов Америкада жүрді. Біз ол кезде Азия ойындарына дайындалып жүрдік. Мен оның жарыстың алдында неге кеткенін түсінбедім. Жарыс жақындаған кезде 3 ауыр салмақты алып тастады. Сонда олар Азия ойындарында ауыр салмақтар болмайтынын сол кезде біліп, Жалоловты Америкаға жіберді. Жалоловтың 2017-дегі физикасы мен 2019-дағы жағдайы көзге көрініп тұр. Болар іс болды. Бірақ, солай жасағанда бәлкім, өзінің оң нәтижесін берер ме еді?!”, — дейді ол.

Сондай-ақ, ол Жалоловпен кәсіпқой бокста жекпе-жек өткізуге қарсы емес екенін де аңғартты.

”Кәсіпқой боксқа ауысып, жақсы келісімшартқа отырып, қайтадан өзімнің бабыма келіп жатсам, бұрынғы қарсыластарыммен неге қайта жұдырықтаспасқа?! Егер Баходирмен жекпе-жек болатын болса, аса ауыр салмаққа ауысып, 12 раундтық жекпе-жек өткізетін болсам, қуанамын, қарсы емеспін”, — дейді ол.