Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Лауазымды қызметке тағайындалды
Енді 27 жастағы боксшы Маңғыстау облысы бокс бойынша олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің директоры қызметіне тағайындалды. Бұл қызметті бұған дейін Олимпиада жүлдегері Әділбек Ниязымбетов атқарған еді.
Спортшының өзі бұл жаңалықпен әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.
”Бүгін мен үшін жауапкершілігі жоғары жаңа кезең басталды. Мен Маңғыстау облысы бокс бойынша олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің директоры қызметіне тағайындалдым.
Басшы болу — атақ үшін емес, жүйе құру, жастарға жол ашу, спортты дамыту үшін. Алға қойған мақсатым айқын. Жұмыс енді басталды”, — деп жазды ол.
Жанкүйерлер не дейді
Аталмыш хабар желіде тараған сәттен бастап бокс жанкүйерлері мен желі қолданушылары арасында қызу талқылануда. Бірі бұл қызметке Нұрдәулетов жас көрсе, екіншісі қолдау көрсетіп жатыр.
”Басында орынбасар, бөлім басшысы сияқты лауазымдармен тәжірибе жинау керек еді. Спорт мектебі, шаруашылықты жүргізу, жұмысты ұйымдастыру, ұжыммен жұмыс істеу тәжірибесі жоқ 29 жасар жігітті тарс еткізіп қоя салады, спорт қайдан дамысын”, “Құтты болсын, Әділбек қайда”, “Қызық осындай спортшылар бастық болса спортты дамыта ма? Өз оқушыларын тартады, сыбайластық жасайды”, “Дұрыс, жастарымыз отырсын, сәттілік тілеймін”, — деп жазды олар.



”Бекзаттың қолынан келеді”…
Боксшыны қолдап жатқандардың ішінде спорт журналисі Аслан Қаженов те бар. Ол Instagram желісіндегі парақшасында Бекзаттың бұл қызметті абыроймен атқаратынына сенетінін мәлімдеді.
“Бүгін әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетовтің спорттық мансабын аяқтағаны туралы ақпарат шықты. Артынша, өзінің туған жерінде бокс мектебінің директоры болып тағайындалды. Бекзат бұл қызметті абыроймен атқарарына өз басым сенімдімін. Өйткені, аймақ боксының тыныс-тіршілігін жақсы біледі. Ішінде жүрді. Ішінде өсті. Екінші жағынан, Бекзат осы мектепте соңғы бес жыл методист болды. Біліктілігі бар. Тәжірибесі жетеді. Үшінші жағынан, Бекзат рингте жүріп, білім қуған санаулы жігіттердің бірі. Жылына жиырма кітап оқиды. Зияткерлік жетілуге ерекше көңіл бөледі. Сондықтан, әбден лайық және қолынан келеді. Анау-мынау деген әңгімені қояйық. Керісінше, барынша қолдау танытайық. Жігіттердің бокстан кейін осылай қызметке тұрып, іске кірісіп жатқандығы қуантады. Басқа жағынан, Маңғыстау әкімдігі де өз чемпиондарын тентіретпей, бірден лауазымды орынға қойды және жауапты міндетті жүктеді. Бұл да өте маңызды. Бекзаттың қазақ боксына берері әлі де көп. Сондықтан, сәттілік тілеймін!”, — деп жазды ол.
Айта кетейік, жартылай ауыр салмақта өнер көрсеткен Бекзат Нұрдәулетов 1998 жылы 10 сәуірде Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласында дүниене келген. Ол — жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері, ересектер арасындағы әлем чемпионы. Токио Олимпиадасының қатысушысы.
Сондай-ақ, ол әуесқой бокспен қатар кәсіби бокста да өнер көрсетіп, WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанды. 2019 жылы Нұрдәулетовке “Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері” атағы берілді. Дәл сол жылы мемлекет басшысының жарлығымен “Құрмет” орденімен де марапатталды.