Жарияланды: 570

Бейбіт Шүменов WBA нұсқасы бойынша жартылай ауыр салмақтағы әлем чемпионаты атағын қорғап қалды

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Бейбіт Шүменов WBA нұсқасы бойынша жартылай ауыр салмақтағы әлем чемпионаты атағын қорғап қалды.

Кеше Лас-Вегаста өткен тартысты кездесу барысында Б.Шүменов қарсыласы американдық Дэнни Сантьягоны 9 раундта техникалық нокаутпен жеңді. Айта кетейік, бұған дейін Бейбіт 1 қаңтарда Шымкентте американдық Уильям Джоппиден, ал былтыр 23 шілдеде Лемореде украиндық Вячеслав Узелковтан мерейін асырған болатын. Бейбіт осы уақытқа дейін 11 кездесудің біреуінде ғана жеңіліс тапса, Дэнни 31 кездесудің төртеуінде жеңіліп, біреуінде тең түскен еді. 19 жекпе-жекті нокаутпен аяқтаған бұл боксшы 1973 жылы 21 ақпанда Нью-Йоркте дүниеге келген. Кәсіпқой бокстағы алғашқы кездесуін 1997 жылы 6 қыркүйекте Флорида штатындағы Орланда қаласында Михаил Уаткинспен өткізіп, жеңіспен аяқтаған ол 21 мамырда Тампа қаласында болған соңғы кездесуінде Билли Байлейден (10-6-0) басым түскен еді. Ал 1983 жылы 19 тамызда Шымкентте өмірге келген Бейбіт Шүменов кәсіпқой бокс шаршы алаңындағы алғашқы кездесуін 2007 жылы 17 қарашада АҚШ-тың Солтүстік Каролина штатындағы Уилсон қаласында Уалтер Эдуардспен өткізді. 2009 жылы 15 тамызда Астанада Әлем чемпионы атағы үшін болған тұңғыш жекпе-жекте Габриэл Кампиллоға ғана ұтылған еді. 2010 жылы 29 қаңтарда Лас Вегаста өткен қарымта кездесуде алтын белбеуді одан тартып ала алды. Оның есебіндегі 11 кездесудің жетеуін қарсыласының нокаутымен аяқтаған.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін