Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Спорт қайраткері “Бірінші бол” YouTube арнасына берген сұхбатында ММА спортында түрлі лигалардың көбейгенін мәлімдеді.
”ММА-ге бұрынғы қызығушылық жоқ. Қазір жарыстың да түрі көбейіп кетті. Лига көбейгесін тауар керек. Бұрын біз Alash Pride жылына төрт турнир өткізетін едік. Ал қазір үш лига әрқайсысы жоқ дегенде он екі турнир өткізеді. Сонда Қазақстанның өзінде 30-40 турнир. Өзбекстанда лига ашылды. Оның барлығына жауынгерлер жетіспегесін физикалық дайындығы жоқтарды шығара береді. Турнирдің сапасы төмендеп, көрерменнің қызығушылығы жоғала бастады.
2010-2011 жылдары, ең бірінші бастаған кезде Alash Pride турнирі өзімізге UFC сияқты еді. Мәскеуден, жан-жақтан билет сатып алып келетін. Бір жерге барсаң біздің жарыстар, спортшылар туралы әңгіме қылып айтып отыратын. Жарыс кезінде орын жоқ, көшеде кептеліс болып, Қазақстандағы үлкен оқиға болып өтетін. Ал қазір біз 10 жыл бұрын өтіп кеткен жолмен Өзбекстан енді жүріп жатыр. Өзбекстанда халық тығыз орналасқан, шекарасында тәжік, иран ұлттары көп. Одан соң оларда хайп жасайтын боксшылар көп”, — дейді ол.
Сондай-ақ, ол ММА спортына мемлекет тарапынан ешқандай қолдау көрсетілмейтінін де айтты.
”Заң бойынша мемлекеттен кәсіби спортты қаржыландыру жоқ. Бірақ осы күнге дейін футбол секілді спорт түрлеріне өте көп қаражат бөлінген. Қорлардан бөлінетін қолдауға ММА спорты кенже қалып қалады. Алдыңғы жылы спорт туралы заң қабылдап жатқанда мен жаңадан кіріп жатқандықтан үлгермедік. Қай спортқа қанша қаражат бөлінетінін көрдім. Бізге соның 1% берсе де жететін еді. Біздің жігіттер де ренжіп жататыны рас. Оларға мемлекет тарапынан ешқандай қолдау жоқ. Жылдың соңында министрлік, әкімшіліктер өткізетін іс-шараларға шақырылмай қалады. Мемлекеттік марапаттар да қарастырылмаған”, — дейді Данияр Қасқарауов.