Боксшы Мадина Нұршаева: “Маған кәсіби спортпен айналысуға тым кеш деген” - kaz.caravan.kz
  • $ 444.22
  • 476.38
+10 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Боксшы Мадина Нұршаева: “Маған кәсіби спортпен айналысуға тым кеш деген”

Боксшы Мадина Нұршаева: “Маған кәсіби спортпен айналысуға тым кеш деген”

2017 жылы Вьетнамның Хошимин қаласында өткен бокстан қыздар арасындағы Азия чемпионатының финалында Қазақстандық боксшы Мадина Нұршаева топ жарып, Азия чемпионы атанған болатын.

  • 19 Мамыр 2021
  • 303
Фото - Caravan.kz

64 келі салмақта сынға түскен Мадина Нұршаева финалдық айқаста қытайлық боксшы Доу Данды жеңіп қазақ елінің туын көкке желбіреткен еді.

Бүгінгі таңда Мадина Нұршаева қай қалада және немен айналысып жатыр? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын білу үшін спортшымен Caravan.kz порталының тілшісі әңгімелесіп көрді. 

— Мадина ең алдымен өзіңіз жайлы оқырмандарға толық айтып өтсеңіз?

— Мен 1995 жылы 8 наурызда Сарыағаш қаласында толыққанды отбасында туып өскенмін. Екі інім бар. Мұхтар Әуезов атындағы гимназияны бітіргенмін. Одан соң университетке түсіп, спорт және туризм мамандығын оқыдым.

— Алғаш рет боксқа қалай келдіңіз?

— Негізі мен спортты өте кеш бастағанмын. Маған спортпен айналысуға бәрі қарсы болған. Саған енді кеш, одан да өз мамандығыңды оқып, сол бойынша жұмыс істе деген. Оңтүстік өңірдің отбасында қыздарын көбісі спортқа бермейді ғой. Кішкентай кезден бастап ана боласың, әйел боласың деген сияқты сөздермен өсіреді. Жалпы менің отбасым сондай болған. Мен жалғыз қыз болғандықтан мені спортқа бергісі келмейтін. Қосымша сабақтан қайтып жатқанда жүгіріп жүрген қыздарды көретінмін. Бір күні жаттықтырушыға келдім мен де қатыссам болады ма? Салауатты өмір салтын ұстанғым келеді деп айтым. Ол кісі: "Иә, әрине болады өзің үшін келе бер. Жеңіл киім алып кел",- деді. Мен ертесі күні кешікпей келдім. Жаттығып болған соң маған айтты: "Кәсіби спортшы болуға саған қазір кеш, өзің үшін шұғылданып жүре бер. Сенің пойызың әлдеқашан жүріп кеткен",- деді. Ал мен болсам  "Менде ұшақ бар, сонымен ұшып барам", деп жауап бердім. Бірінші жаттығудан менде сондай жауап болды. Содан жаттығу, қосымша сабақ екеуі айналып жүре берді. Бір күні жаттықтырушы маған Арыс қаласында турнир болады сен барасың, дайындал деді. Мен ата-анамнан қалай сұранарымды білмей әрең айттым. Содан осы жарыста жеңсем спортта қаламын, болмаса дәрігер мамандығын оқимын деп шештім, үйдегілермен келістік. Сол жарысқа барып, бірінші орын алып келгенім бар.

— 2017 жылы чемпион атандыңыз, ол жеңістің оңайлықпен келмегенін білеміз. Дегенмен чемпион атанамын деп ойладыңыз ба?

— Жалпы мен боксқа алғаш келген кезімде, бір жеңістің тұғырынан көрінетінімді сезетінмін. Бірақ әрине оған қарай әрекет ету керектігін де жақсы білемін.Үздіксіз еңбектің нәтижесінде тәтті жеңістерді қанжығамызға байлап, қазақ еліне қуанышты хабар жеткізу әрбір спортшы үшін өте керемет сезім, мақтаныш сезім. Қуанышты сәттердің бір де берегейі.

— Төрт жыл бұрынғы сәтке оралсақ, қазақ еліне жеңіс сыйлаған сәттеріңізде қандай қызық естеліктер жадыңызда сақталды?

— Спортшылардың жүрген жерлерінің бәрінде негізі өте қызық жағдайлар орын алады. Сол Азия чемпионы атанып келген соң, мені Нұрлан Қоянбаев өз бағдарламасына қонаққа шақырды . Енді ол жерге қыз сияқты киініп, боянып бардым ғой, сөйтсем мен тұрмын ол кісі боксшы қызымыз қайда деп сұрап жатыр, бәрі мені көрсетіп міне десе Нұрлан аға күліп жатыр, танымай қалдым дегені бар. Сосын бағдарлама ішінде ойын ойнап жатқанда Нұрлан ағаның иығына байқамай "удар" дейміз ғой сол жұдырығым тиіп кетіп, иығы қатты ауырып қалған.  Сырт бейне алдамшы деген осы екен ғой деп тағы бір күліп алғандары бар.

— Бокста қатты жақсы көретін кумиріңіз бар ма және ол кім?!

— Бокста әркімнің тактикасы әр түрлі ғой, әркімнің өз стилі бар. Менің кумирім мынау деп айта алмаймын. Мен кішкентай балалардың ұмтылысына қатты қызығамын. Олар өздерінің дегенінен ешқашан қайтпайды. Қайсар мінезі бар. Талпыныстары мықты, бірден болмай қалды ғой деп артқа шегінбейді. Міне солар менің кумирім деп айтсам болады.

— Қазіргі таңда немен айналысып жатырсыз?!

— Қазіргі таңда істеп жатқан істерім аз емес деп айтсам болады. Бірақ соның біреуін айтып кетейін. Мен Қазақстан құрамасының сапындамын. Әлі де менің бокста көретін боласыздар. Қазіргі таңда Астана қаласында жарыстарға дайындалып, жаттығып жүрміз.

— Жеке сізге келіп бокс үйренгім келеді дейтін шәкірттер бар ма?!

— Әрине, ондай балалар өте көп. Әсіресе өзім туып-өскен Сарыағаш қаласында көптеген ұсыныстар айтылады. Кішкентай балаларға жаттықтырушы болсаңшы деген. Бірақ менің әлі білгенімнен, білмегенім көп. Өзіме әлі тәжірибе керек деп ойлаймын. Үйренерім де көп, алдағы жоспарларым да көп. Солардың бәрін орындап болған соң, осы нәрсені қолға алармын. Қазірше ойымда жоқ.

— Қыздарға жалпы қанша жастан бастап бокспен айналысқан дұрыс деп ойлайсыз?!

— Бізде Оңтүстіктің қыздарын ата-аналары нәзік, сұлу, ибалы келін болуға тәрбиелеп жатады. Әр ата-ананың бала тәрбиелеуде өзіндік ұстанымдары бар. Дегенмен де қыз бала өзі шешім қабылдап, өз таңдауында жасай білу керек деп ойлаймын.Өзің қатты қызығып тұрсаң отбасыңа айтып ақылдасуың керек. Олар сені міндетті түрде түсінеді.

— Қыздары боксқа қызыққан ата-аналарға айтар кеңесіңіз бар ма?!

— Жалпы ата-аналарға айтарым, қыздарыңызды босқа интернетте пайдасы жоқ іспен уақытын кетіргенше, спортпен шұғылданып денсаулықтарын дұрыстауына мән беріңіздер дегім келеді. Салауатты өмір салтын ұстансын! Тәні саудың — жаны сау! Негізі спортпен кішкентайынан айналысқан дұрыс деп ойлаймын. Тек боксты ғана айтып отырғаным жоқ, барлық спорт түрі тамаша. Денсаулығың жақсарады, ауырмайсың! Өз басым он үш, он төрт жастан бастап спортпен айналысуға кеңес беремін. Және ата-аналарға қарсы болмауларын өтініп сұраймын.

— Әлеуметтік желіде белсенді қолданушысыз ба?! Қанша желіге тіркелгенсіз?!

— Әлеуметтік желілерден мен инстаграмда ғана отырамын, белсендімін деп айтсам да болады. Оқырмандарым мені жиі іздеп тұрады. Бір, екі күн жоқ болып кетсем, бәрі жазып алаңдап жатады. Және жекеме қыздардан өте көп хаттар келеді. Мына жаттығуды қалай жасаймыз, анау қалай, мынаны қалай жасаймын деп ақыл сұрайды. Мен соларға жауап беріп отырамын қолымнан келгенше, барынша!

Соңғы жаңалықтар