Боксшы Қанат Әбүтәліпов: ырымға сенбеймін, тек бір алладан ғана медет сұраймын - kaz.caravan.kz
  • $ 443.35
  • 475.54
+6 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Боксшы Қанат Әбүтәліпов: ырымға сенбеймін, тек бір алладан ғана медет сұраймын

Боксшы Қанат Әбүтәліпов: ырымға сенбеймін, тек бір алладан ғана медет сұраймын

27-28 мамыр күндері Қытайда Бүкіләлемдік бокс сериясының ең үздік боксшылары арасында жекелей сынын­дағы ақтық айқас­тар өтеді.

  • 27 Мамыр 2011
  • 1069
Фото - Caravan.kz

Ол жарыста ел намысын «Астана арландары» клубының мүшелері Қанат Әбутәліпов (54 кг) пен Ержан Мүсәпіров (61 кг) қорғайтын болады. Олардың екеуі де шаршы алаңға жарыстың алғашқы күні шығатын болады. Қанат француз Нордин Оубалимен, Ержан қытайлық Жимин Вангпен бокстаспақ. Біз осы жекпе-жектің қарсаңында Қ. Әбутәліповты әңгімеге тартқан едік.

— Қанат, бұған дейін 8 жекпе-жек өткізіп, Бүкіләлемдік бокс сериясы ретингінде өз салмағын бойынша көшбасшы атандың. «Париж Юнайтед» командасымен болған ақтық сында кездескен қарсыласың біраз қиындық тудырған жоқ па?

— Әрине, әлемдік рейтингте өз салмағым бойынша бірінші тұрған соң қарсыластарым мені жеңуге құлшынады. Мен дене бітімі жағынан дайындығы күшті боксшылар жұдырықтасқанды ұнатамын. Онда жылдамдық пен техникаға көбірек мән беремін. Гуянгтегі финалдық жекпе-жектегі қарсыласымның алып бара жатқан ерекше ештеңесі болған жоқ. Оның үстіне, асығыстықтың қандай керегі бар. 5 раунд бойы күшімді барынша сақтауға тырыстым. Өйткені, екі аптадан кейін өтетін Бүкіләлемдік бокс сериясының ең үздік боксшылары арасында өтетін жекелей сынын­дағы ақтық айқас­тарға уақыт аз қалған болатын. Біреулер «дайындыққа екі апта жеткіліксіз болған жоқ па» деп сұрайды. Өйткені, «Париж Юнайтед» сапында өнер көрсететін бұл жолғы қарсыласым — Нордин Оубали дайындық жасағанымен, Гуянгте 6-7 мамырда өткен финалдық сында шаршы алаңға шықпады. Жалпы, кез-келген жекпе-жекке тыңғылықты дайындалу керек. Сол себепті, алдағы жекелей сындағы ақтық айқаста бәрін ақылға жеңдіріп, жалпы жектпе-жекте де, психологиялық тұрғыдан да жеңіліс таппауға бар күш-жігерімді жұмсайтын боламын Ырымға келсек, өзім оған сенбеймін. Шаршы алаңға ж»олымды оңғара гөр» деп тек бір Алладан ғана медет тілеп шығамын.

— «Астана арландары» клубының барлық кездесуінде шаршы алаңға 1-ші болып шығып жүрдің. Бұл жүйкеге қандай да бір салмақ түсірген жоқ па?

— Шаршы алаңға бірінші шығу қиын болады деген нәрсе ойымда мүлде болған жоқ. Ең жеңіл салмақта өнер көрсеткен шаршы алаңға бірінші болып көтерілуді жәй ғана сәйкестік деп ойлаймын. Командалас жігіттер «сен бастайсың, жол ашып беретін өзің» деп жатады. Бірақ мен жол ашып беруім керек деп ешқашан ойлаған емеспін.

— Жекелей сындағы қарсыласың туралы не айтасың? Жалпы Бүкіләлемдік бокс сериясындағы бұған дейінгі жекпе-жектеріңде ерекше есте қалған боксшылар болды ма?

— Француз былғары қолғап шебері Нордин Оубаалиді жалпы сырттай ғана білемін. 1-2 рет кейбір жекпе-жектерін көргенмін. Кейін Бүкілемдік бокс сериясындағы айқастарын бапкеріммен бейнетаспадан көрдік. Оның да алып бара жатқан ерекше ештеңесі жоқ. Қазақстан бокс мектебі әлемде көшбасшылардың бірі саналады ғой. Сондықтан кез-келген боксшы бізді оңайшылықпен таңқалдыра алмайды деп санаймын. Жалпы бокста спортшы алдымен өзін жеңуі керек. Сонда ғана ол шаршы алаңда өзін еркін сезінеді. Егер қарсыласынан рингке шықпай жатып қаймықса одан үлкен нәтиже күтуге болмайды деп ойлаймын.

Өзге боксшыларға келсек, маған оңтүстік кореялық боксшының мәнері біраз қиын болды. Онымен алдымен Астанада, содан кейін Кореяда бокстастым. Жылдамдық жағынан да, физикалық дайындығы жағынан да өзгелерден көш ілгері тұрған спортшы. Жекпе-жек кезінде ұрмайтын сияқты боп тұрады да, жылдам соққы жасайды. Сол сияқты қытайлық боксшының да техникасы да жақсы екен. Қолының ұзындығын жақсы пайдаланды.

— «Астана арландары» командасының құрамына қалай келдің? Кәсіпқой бокстың шаршы алаңында өнер көрсетуге бұрын қандай да бір ұсыныстар түсті ме?

— Әуесқой бокста Ұлтық құрамада 9 жылдай өнер көрсетіп жүрдім. Қазір Бүкіләемдік бокс сериясы аясында командалас серіктеріммен бірге «Астана арландары» клубының қатарында бағымды сынаудамын. Бұл жарыста Олимпиада жолдамасы беріледі деп айтылған соң ұлттық құрамадан шығып, жолдама үшін осында келдім. Құрамаға кіру де оңай емес. Менің салмағым 56 келі. Бүкіләемдік бокс сериясында 54 келіде бақ сынап жүрмін. 5-6 жыл 1 салмақты ұстап жүру қиын. Жеңіл салмақта бәсекелес көп. Кейбір жарыстарда 1 салмақта 40-қа жуық боксшы қатысып жатады. Ал ауыр салмақта оншақты боксшы ғана келеді.

Кәсіпқой боксқа бұрын да шақырған болатын. Ол кезде өзім бас тарттым. Олимпиада ойындарында елдің намысын қорғап, әнұранын ойнату кез-келген боксшының арманы. Әрине, оған кез-келген спортшының қолы жетпеуі мүмкін. Әуесқой бокс сонысымен де қызықты. Бүкіләлемдік бокс сериясы арманыма жетуге жол ашатын бір мүмкіндік болған соң осында келіп, 3 жылға келісімшартқа отырдым.

-«Париж Юнайтед» командасымен болған финалдық жекпе-жек туралы не айтасың?

— Менің ойымша, біздің құрама ең мықты команда. Бүкіләлемдік бокс сериясында өнер көрсеткен командалардың ішінде тек «Астана арландары» сапында ғана Олимпиада чемпионы болды. Бізде сондай-ақ, Әлем біріншілігінің жеңімпаздары, Азия чемпиондары өнер көрсетті. Жарыс кезінде бізді финалға шығады деп ешкім ойлаған жоқ. Қарсыластармызды ұтып, ақтық сында өнер көрсету құқын жеңіп алған кезде командадан барлық жанкүйер тек жеңіс күтті. Боксшыларға жеңу керек деген бапкерлерден де, өзгелерден де жан-жақтан психологиялық күш көп түсті. Үміт артқан легионер де сенімді ақтай алмады.

— Егер жеңіске жетіп жатсаң жеңімпазға берілетін 20 мың АҚШ долларын қайда жұмсамақсың. Отбасың туралы да айта кетсең?

— 20 мың доллар соншалықты көп ақша емес қой. Отбасымның қажетіне жаратамын. Бейжің Олимпиадасынан кейін жеке отау құрдым. Қазір мемлекет берген 2 бөлмелі пәтерде тұрып жатырмын. Жолдасымның есімі Наргүл. Екеуміз бір мектепте оқыдық. Менен 2 сынып төмен оқыды. Бір сыныпта түске дейін біз, түстен кейін олар оқитын. Екеуміз де бокспен, кикбокспен айналыстық. Тұрмысқа шыққан соң спортты қойып, үйде бала тәрбиелеуде.

-Жарыңның спортшы болғаны спорттық жарыстарда жеңіске жетуіңе көп септігін тигізетін шығар?

— Жаттығудан шаршап келгенде қас-қабағыма қарап, бәйек болып жатады. Жарысқа кетіп бара жатсам тіс қорғағышымды, керек-жарағымның бәрін реттеп қояды. Сондықтан осы уақытқа дейін қандай да бір жеңістерге қол жеткізіп жүргеніме бапкерлерімнің және отбасымның қосып жатқан үлесі де аз емес.

— Әңгімеңе рахмет! Жеңіспен оралуына тілектеспіз!

Соңғы жаңалықтар