«Динамо Алматы» регби командалары Дубайда өткен халықаралық турнирден олжалы қайтты
Біріккен Араб Әмірлігінің Дубай қаласындағы дәстүрлі «DUBAI SEVENS» халықаралық турнирінен «Динамо Алматы» регби командасы әйелдер арасында бірінші, ерлер арасында бесінші орын алды. |
70 жылдан бері өткізіліп келе жатқан бұл жарыс биыл 29 қараша мен 1 желтоқсан аралығында өткен еді. Оған 190-ға жуық ерлер мен әйелдер командалары қатысып, әлемнің әр түкпірінен 100 мыңдай жанкүйерлер жинады. Бұл дүбірлі додада әйелдер БАӘ, Шотландия, Ұлыбритания, Нидерланд және Австрия командаларымен, ал жігіттер БАӘ, Шотландия, Сингапур, Нигерия, Нидерланд, Швеция, Австралия, Ұлыбритания, Испания, ОАР командаларымен бір топта сынға түскен болатын. Биылғы жылғы сәтті өнерінің нәтижесінде олар бұл дүбірлі додада келесі жылы да өнер көрсетуге мүмкіндік алды.
«Динамо Алматы» әйелдер командасының бас жаттықтырушысы Дмитрий Пичугиннің айтуынша, спорттың бұл түрі 2016 жылы Бразилияда өтетін Олимпиадалық ойындардың бағдарламасына еніп отыр. Алайда оған қатысу үшін әр құрлықтан бір мемлекетке ғана жолдама беріледі. Елімізде енді ғана кең қанат жайып келе жатқан спорттың бұл түрі, қазір Алматы мен Талдықорған қалаларында жақсы дамыған. «Осыдан біраз жыл бұрын 1 жылда республикалық деңгейдегі 3 үлкен жарыс өткізіліп келсе, қазір оның саны 5-ке дейін жетті. Сонымен қатар оған қатысатын командалардың да саны артуда. «Динамо» спорт қоғамы жанынан құрылған бұл команданың алар белесі әлі алда. Алла қаласа, 2016 жылы Бразилия төрінде спорттың осы түрінен біздің спортшылар да сынға түсіп, ел намысын абыроймен қорғайды деген сенімдеміз», - дейді Д.Пичугин.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін