IBF және WBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы, Жәнібек Әлімханұлы беделді The Ring журналының орта салмақтағы үздік боксшылар тізімінен тыс қалды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Қазіргі таңда рейтингтің бірінші сатысына WBC нұсқасы бойынша әлем чемпионы, доминикандық Карлос Адамес көтерілді. Үздік үштікті кубалық Йоэнлис Эрнандес пен WBA чемпионы Эрисланди Лара түйіндеп тұр.
Еске салайық, 7 желтоқсанда Әлімханұлы Ларамен орта салмақта үш чемпиондық белдік үшін жекпе-жек өткізуі тиіс болатын. Алайда кездесуге бірнеше күн қалғанда қазақстандық боксшының допинг сынамасынан мельдоний анықталып, жекпе-жек кейінге шегерілді. Нәтижесінде Лара рингке венесуэлалық Йохан Гонсалеспен (36–5, 34 KO) жолығып, төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңіске жетті.
Қазіргі уақытта Жәнібек Әлімханұлының ісі бойынша ішкі тергеу жалғасып жатыр. B сынамасын ашу 8 қаңтарға жоспарланған. Тергеу нәтижесінен кейін жағдайға толыққанды құқықтық баға беріледі.