Жарияланды: 670

Елеусінов пен Дычко шілде айында кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін өткізуі мүмкін

Елеусінов пен Дычко шілде айында кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін өткізуі мүмкін

Жақында олар австралиялық промоутермен келісімшартты үзген болатын. Америкалық бапкер Дерек Сантос-Россарионың айтуынша, Олимпиада ойындарының жүлдегерлері Данияр Елеусінов пен Иван Дычконың кәсіпқой рингтегі дебюті осы жылдың шілде айында өтуі мүмкін деп жазды Егемен.кз.

Елеусінов пен Дычко ақпан айында MJA Entertainment компаниясымен келісімшартқа қол қойған. Ол кезде австралиялық промоутер Майк Алтамура қазақстандық боксшылардың кәсіпқой бокстағы дебюті мамыр айында Қытайда өтетінін хабарлаған. Бірақ 19 мамырда Елеусінов пен Дычко MJA Entertainment компаниясымен арадағы келісімшартты бұзды. Рио Олимпиадасының чемпионы Данияр әуесқой боксқа қайтып оралуға мүмкіндігін де айтып қалды. Өз кезегінде екі рет Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанған Иван Дычконың әуесқой боксқа оралар ойы жоқ.

Сантос-Россарионың сөзіне сенсек, Елеусінов пен Дычконың АҚШ промоутерлерімен жұмыс істеуі мүмкін. Бұған дейін австралиялық менеджерлер қазақстандық боксшыларды атақты ресейлік Сергей Ковалевтың бапкері Сантос-Россарио жаттықтырады деп жоспарлаған. "Алғашқы промоутерлік компаниямен келісімнің іске аспай қалғаны рас.

Дегенмен, жақында бір боксшыны Флоридадағы ұжыммен кездесуге апарған едім. Ол жерде біздің Олимпиада жүлдегерлеріміздің жағдайын сұрады. Мен болған жағдайды менеджер Элвису Креспоға түсіндірдім. Енді кездесуге келісіп отырмыз. Шынында аталмыш компания біздің бірден оларға келмегенімізге реніштерін білдірді. Бүгін түсте (америка уақытымен) Иван мен Даниярдың жағдайын талқылайтын жиналыс өтеді", дейді Сантос-Россарио. Ол сондай-ақ, келіссөздер сәтті аяқталған жағдайда боксшылар бірден жаттығуға кірісіп кететінін мәлімдеді. "Олардың айтуынша, жаттығуға бірден кірісіп кетеді. Егер бәрі сәтті өтсе, жігіттер жоспар бойынша шілде айында кәсіпқой бокстағы дебютін өткізеді. Әрине, бұл жердегі менің үлесім боксшылардың жекпе-жекке дайын екенін хабарлап, қарсыласына рұқсат беру", - дейді Сантос Россарио.

Айта кетейік, Елеусіновке екі мәрте Top Rank Боб Арум промоутерлік компаниясы келісімшарт ұсынған болатын. Бұл компанияның клиенттерінің қатарында филиппиндік Мэнни Пакьяо, украиналық Василий Ломаченко және америкалық Теренс Кроуфорд бар.

 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін