Жарияланды: 530

ЕУРОПА ЛИГАСЫ: «Қайрат» - «Бордо» 2:1

ЕУРОПА ЛИГАСЫ: «Қайрат» - «Бордо» 2:1

Алматының Орталық стадионында Еуропа Лигасының плей-офф кезеңі аясында

«Қайрат» футбол командасы мен Францияның «Бордо» футбол клубының кездесуі аяқталды. Аса тартысты өткен матчта алматылықтар қарсыластарын 2:1 есебімен тізе бүктірді. Бірақ, «Бордо» сырт алаңда гол соққан соң, келесі топтық кезеңге өтті. «Қайрат» Еуропа Лигасында ойынын осымен аяқтады. 

Матч өте тартысты өтті. Ойын бастала салысымен алаң иелері допқа иелік етіп, жанкүйерлердің қызу қолдауымен батыл шабуылға көшкен еді. 
Қарсыластардың айып алаңында туындаған қарбалас сәтте қорғаушы Седрик Ямбере өз қақпасына гол салып қойды. Есеп 1:0 «Қайрат» алда! Сол-ақ екен, француздар шабуылды үдете түсті. Бірақ, алматылықтар қорғаныста сауатты ойнап, қарымта шабуылға шығып отырды. Екі команда да алма-кезек шабуыл ұйымдастырумен болды. Бүгін жанкүйерлердің қолдауы ерекше болды. «Қайрат, чемпион!» деп үздіксіз ұрандап жатты. 
Ойынның ортасына қарай, француздық команда пас берудің және айып алаңына доп асырудың шебері екендіктерін танытты. Бірақ «Қайрат» қорғаныста салқынқандылық танытып, сауатты ойнады. Доп үшін таласта жанкештілік танытты. Ойынның 41-ші минутында қарсыластар тарапынан айып алаңының сыртынан тебілген доп Плотников қорғаған қақпаның үстінен зулады. Ал артынша, 42-ші минутта қарсыластардың айып алаңында пас алған Жерар Гоу ұтымды сәтте допты игере алмай қалды. Бірінші таймда басқа гол соғылған жоқ.
Екінші таймда ойын аса тартысты бола түсті. Ойынның 65-ші минутында Қуат Исламбек гол соғып, есепті 2:0-ге жеткізді. Дегенмен, ойынның 76-шы минутында қарсыластар командасының ойыншысы Ензо Гривелли есеп ашты. Есеп 2:1. Бұдан артық есеп өзгерген жоқ. Ойын осы есеппен аяқталды. 
Айта кетелік, бұған дейін, үстіміздегі жылы 21-ші тамызға қараған түні Бордо қаласының «Нуво Стад де Бордо» стадионында өткен матчта алматылықтар 1:0 есебімен жеңіліс тапқан болатын. Осылайша, бүгінгі есептің қорытындысы бойынша Алматының «Қайрат» командасы Еуропа Лигасынан шығып қалды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін