Жарияланды: 330

Футбол: Самат Сымақов «Ризеспор» сапында ойнайды

Ұлттық құрамамыздың бірнеше жылдан бергі капитаны, әрі қорғаушысы болып келген Самат Сымақов медициналық тексеруден соң Түркияның «Ризеспор» командасымен 1,5 жылдық келісімге отырды. «Аламан» спорт агенттігінің жазуынша, бұл ақпарды түркиялық клубтың басшысы Мұстафа Денизли растады.

34 жасар футболшының Қазақстан құрамасында жүріп 59 ойын өткізгені анық. Ал ол спорттағы өмірінде бүгінге дейін 428 кездесуге қатысып, 55 гол соққан екен. Қазақстандық бірнеше клубта ойнаған Самат Ресей жасыл алаңдарында да тер төккен болатын. Сондай-ақ оған «Крылья Советов», «Краснодар», «Маккаби», «Вадуц» сынды шет елдік клубтардан ұсыныс түскен еді. Тіпті неміс бундеслигасында ойнайтын командалар Саматқа қызығушылық танытқан болатын. Алайда футболшының өзі «Ақтөбеге» адал болып қалды. Түркиядағы ең жоғарғы лига «Супер-лига» болса, одан кейінгісі «2-нші дивизион А» деген атпен танымал. Ал үшіншісі «2-нші дивизион Б» деп аталады. Саматтың жаңа клубы «2-нші дивизион А» кестесінің 5-інші сатысында келе жатыр. Алғашқы екі үздік команда «Супер-Лигаға» тікелей жолдама алса, кейінгі 4 команда плэй-офф кезеңіне шығады. «Ризеспор» командасында ұлттық құрамамыздың бұрынғы ойыншысы Давид Лорияның да ойнайтынын естеріңізге саламыз.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін