5 қарашадан 6 қарашаға қараған түні Миланда Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінің төртінші турындағы матч өтеді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Италиялық “Интер” өз алаңында “Қайратты” қабылдайды. Ойынды “Qazaqstan” телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.
Матч алдындағы болжам қандай?
Сарапшылардың пікірінше, алдағы “Интер” мен “Қайрат” арасындағы матчта италиялық клуб айқын фаворит саналады. “Интер” Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде әзірге бірде-бір ұпай жоғалтпай, қарсыластарына мүмкіндік бермей келеді. Команда шабуылда да, қорғаныста да тұрақты ойын көрсетіп отыр.
Ал “Қайрат” үшін бұл кездесу оңайға түспейді. Команда алғашқы үш турда тек бір ұпай ғана жинады. Дегенмен, жанкүйерлер алматылық клубтың жинақылық танытып, қарсыласқа лайықты ойын көрсетуге тырысады деп күтуде.
nb-bet.com аналитикалық сайтының болжамы бойынша, “Интер” мен “Қайрат” арасындағы алдағы матчта италиялық клуб жеңіске жетеді деп күтілуде. Сайт сарапшыларының болжамына сенсек, “Интер” өз алаңында ойынға толық үстемдік етіп, кездесуді 3:1 есебімен аяқтауы мүмкін.

Ал, Fonteam YouTube арнасының сарапшылары “Қайраттың” сырт алаңда гол соғатынына сенімді.
”Қайрат гол соғады. Негізі “Қайраттаң” гол соғатынына “Пафоспен” өткен матчтан кейін күмәнім бар. Бірақ не айтамын? “Қайрат” жермен жексен болып жеңіледі деймін бе?”, — дейді Олжас Байбосын.
Комментатор Ерсін Ерік те алматылық командадан гол күтетінін жасырмады.
”Осы ойында “Қайрат” гол соғады деп ойлаймын. Дастан Сәтпаевқа сеніп отырмын. Негізі Дастан, Дастан дейміз ғой. Гол соқсын, жігіт лайықты. Бірақ, Тұяқбаевты шығарса деп ойлаймын. Сол жігіттен бір гол күтемін. Екі шабуылшымен ойнаса керемет болар еді”, — дейді ол.
Командалардың турнир кестесіндегі орны
Үш турдан кейін “Интердің” еншісінде максималды тоғыз ұпай бар. Италиялық клуб негізгі кезеңде үш матчтың үшеуінде де жеңіске жетіп, бірде-бір гол жібермеді. Нидерландтық “Аяксты” (2:0), чехиялық “Славияны” (3:0) және бельгиялық “Юнионды” (4:0) ұтқан. Ал алматылық “Қайрат” әзірге небәрі бір ұпай жинады. Кейінгі турда кипрлік “Пафоспен”(0:0) тең түсті. Бұған дейін Рафаэль Уразбахтиннің шәкірттері португалиялық “Спортингтен”(1:4) және мадридтік “Реалдан” (0:5) ұтылған еді.
Алдағы “Интер” мен “Қайрат” арасындағы ойын екі түрлі деңгейдегі командалардың кездесуін көрсетпек. Италиялық клуб өз алаңында айқын фаворит саналса да, алматылық “Қайрат” үшін бұл матч тәжірибе жинап, өз әлеуетін көрсетуге өте жақсы мүмкіндік. Сарапшылардың басым бөлігі “Интердің” жеңісін болжағанымен, “Қайраттың” қорғаныста сенімді ойнап, гол соғуға тырысатыны анық. Миланның Сан-Сиро стадионында өтетін бұл кездесу қазақ жанкүйерлері үшін есте қаларлық сәт болмақ.