30 қыркүйекте Алматыда «Қайрат» пен «Реал Мадридке» арасындағы кездесу өтеді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Тарихи ойын алдындағы толқу
Ойын алдында әлеуметтік желі қолданушылары мен футбол жанкүйерлері «Қайрат» командасы жеңіске жетсе не істейтінін жарыса жазуда. Edukey.kz парақшасы жариялаған «Егер «Қайрат» «Реал Мадридті» ұтса, мен…» деген пост әзілі мен қызығы аралас қызу талқыға айналып, желіні шулатып жатыр.
Осы ретте көпшілік «Қайратқа» тек сенім білдіріп қана қоймай, креативке толы идеялары арқылы ойынға деген ыстық ықыластарын білдіріп жатқанын байқауға болады. Мәселен, «Егер Қайрат ұтса, бірден үйленемін!» деп уәде беріп жатқан жанкүйердің санында шек жоқ. Ал тағы бірі «Қайраттың» ойыншыларының анасына былғары тон беретінін жазған.
Танымал тұлғалардың уәделері
Пікір жазушылардың арасында танымал тұлғалар да бар. Мәселен, Шавкат Рахмоновтың қарындасы, қоян-қолтық ұрыстан әлемнің үш дүркін чемпионы Сора Рахмонова да қызу талқыдан тыс қалмады.
«Қайрат ұтса, 10 адамға 1 жылдық тегін жаттығу залы», — деп жазды ол.
Ал танымал асаба Никулин Айбат тегін той жүргізуге сөз берген.
«Қайраттағы алаңда ойнаған жігіттердің тойын тегін басқарып беремін», — дейді ол.

Әзіл мен сенім
Сәт сайын жазылып жатқан пікірлердің ішінде әзіл-қалжыңға толы уәделердің қарасы көп.
«Финалға тегін билет таратамын», «Әйелім тоқал әперем деп отыр», «Шашымды алып тастаймын», «Жаяу Ташкенттен Алматыға жолға шығам», «Көлік алам», «Бар қазаққа құрт таратам», — деп жазды олар.


Қорытынды
«Қайрат» пен «Реал Мадрид» арасындағы кездесу қалай аяқталса да, ол қазақ футболының тарихында ерекше орын алатыны анық. Ал жанкүйерлердің айтқан уәделері орындала ма, жоқ па оны ойыннан кейін көреміз. Ең бастысы, бұл ойын қазақстандықтарға үлкен үміт сыйлап отыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан Ұлттық футбол құрама командасының жаттықтырушысы Әли Әлиев Бельгияны ұтқан жағдайда қара жорға билеуге уәде берген еді. Бірақ, өкінішке қарай жаттықтырушының уәдесі орындалмады. Себебі, Ұлттық құрама Бельгиядан 6:0 есебімен ойсырай жеңілді.