Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Спортшы Ақарыс Сейітқазыға берген сұхбатында көршілес Өзбекстанның отандық боксқа қалай ықпал етіп жатқанын түсіндірді.
«Қуантатыны, біздің қазақ боксының дамуына өзбектердің де өте үлкен әсері бар. Өйткені, иық тірестіріп бәсеке болып тұрғаннан кейін спорт өседі. Ондай болмаса, өспейді. Солай болу керек. Біз медаль санымен ұтып кеттік дегенмен де, қазақтың түсінігінде еркектердің боксымен есептеп қалғанбыз ғой. Әлем чемпионатының ішіндегі өзбек пен қазақ боксын қарасақ, біз ұтылып тұрмыз. Оны мойындау керек. Енді оның алдын алу үшін не істеу керек деген тағы бір тапсырма тұр. Мәселені айтамыз да, оның алдын алу үшін не істеу керегін айтпаймыз ғой. Бұрын екі дүркін әлем чемпионы Сәпиевтен ғана еді, қазір олардың қатары көбейді. Бірақ, бізде резерв бар, жастар өсіп келе жатыр. Сол жастардың арасынан да апару керек. Тарихқа қарасақ Қабанбайлардың өзі 16-17 жасында сондай батыр атағына жетті. Жас кезде адамда энергия болады. «Артын көп ойлайтын адамнан батыр шықпайды» деген сөз бар. Жастар артын қатты ойламайды. Олардың тұрақтылық деген қатты болмауы мүмкін, бірақ мықтыны ұтып қою дегеннің ықтималы жоғары. Олардан жаңалық шығады. сол үшін кейбір салмақтарда жастарды жіберіп, эксперимент жасау керек еді. Егер, олимпиаданың алдындағы әлем чемпионаты болса, ол кезде тәжірибелі адамды жіберу керек. Бірақ, әлі уақыт бар ғой. Сондықтан осы әлем чемпионаттарына жастарды жіберіп көру керек. Олар төрт жылда бір болатын олипиаданы күтіп жүріп қартайып кетеді ғой. Оларға да мүмкіндік беру керек», — дейді ол.
Бұған дейін өзбек бокс құрамасының бас жаттықтырушысы Толкин Кылычев өзбек боксының өрлеуіне қазақтардың зор үлесі болғанын айтқан болатын. ОлҚазақстанда өткен барлық жарыстарға боксшыларын әкеліп үнемі, тәжірибе алмасқанын тілге тиек еткен еді.