Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Олжас Байбосын және өзге де футбол сарапшылары “Fonteam” You Tube арнасында “Қайраттың” “Пафосқа” қарсы ойынын талдады. Бағдарлама барысында футболдағы ұлттық құрама мен жекеменшік клубтардың жетістіктері жөнінде қызу пікірталас болды. Спорт комментаторы Әлімжан Асқар “Қайратты” ұлттық құрама деңгейіндегі команда деп бағалады.
”Қайрат” мақсат қойды, бірақ мақсатына жете алмады. Чемпиондар лигасына шықтық, енді халық бізге “рақмет айтсын” деп ойнамай қойған жоқ. Қолдан келгені, деңгей жеткені осы болып тұр. Осындай матчты көруге мүмкіндік бергеніне рақмет. Мысалы, Қазақстан ұлттық құрамасы әлем чемпионатына шықса, біз бақытты боламыз ғой. Ол кезде “неге біз Хорватиямен тең ойнадық” демейміз. “Қайрат” та қазір ұлттық құрама деңгейіндегі команда. “Қайрат” чемпиондар лигасында ойнағанда патриоттық сезім, рух, намыс, жігер оянбай ма?!”, — дейді ол.
Ал Олжас Байбосын бұл пікірмен келіспейтінін айтты.
”Қайрат” пен ұлттық құрама екеуі екі түрлі нәрсе. Салыстыруға келмейді. Ұлттық құрама сенің ұлтыңның, қазақтың құрамасы. “Қайрат” — жеке меншік клуб. Оны қалай ұлттық құрамаға теңеп қоюға болады?! Ешқашан ешқандай клуб ұлттық құраманың рөлінде бола алмайды. Атмосфера, жанкүйерлердің қолдауы екі жақта екі түрлі. Қайрат ойнағанда менде патриоттық сезім оянбайды. Бұл — өзі коммерциялық турнир. “Қайрат” халықты біріктірді дейсіздер. Ол қалай біріктірді? Халықты “Қайрат” емес “Реал” біріктірді. Елдің бәрі Алматыға “Реалға”, Мбаппені көруге келді. Келгендер “Қайраттың” ойыншыларын танымайды да, ал “Реалдың” 11 ойыншысының бәрін таниды. Патриоттық сезім ұлттық құрамаға келгенде оянады. Клубтық деңгей басқа. Чемпиондар лигасында Қазақстанның әнұраны ойнап жатса, көзіңе жас толады. Патриоттық сезім деген сол. “Қайрат”, ел, жер деген популизмді қою керек. Ол — жеке меншік клуб. Өзінің жанкүйерлері бар. Аз ба, көп пе білмейміз. Бүкіл Қазақстан тілеулес болып отыр. Мысалы, Ақтөбеде отырған адам “Пафоспен” болған ойында есеп 0:0 болды деп қайғырып отырған жоқ. Ал, жанкүйерлері қайғырып отыр. Әңгіме сонда. Патриоттық сезімді қолданатын да, қолданбайтын да жерлер бар. Елдің намысы мен “Қайраттың” намысын шатастырып жатырсыңдар. “Қайратқа” түсіп жатқан ақша мемлекетке түсіп жатқан жоқ. Жеке өзіне түсіп жатыр. Мәселе ақшада болмаса, неге билетті 250 мың қылады?! Темірлан Анарбековты барлық жерге тыға берудің қажеті жоқ. Ол — “Қайрат” футбол клубында ойнайтын жалдамалы футболшы. Ол келесі маусымда ойнай ма, ойнамай ма білмейсің. “Қайрат” үшін өлесің бе десе, өлмейді ол. Ертең оған “Галатасарайдан” ұсыныс түссе, ол «патриоттық сезіммен «Қайратта» қаламын” демейді. Қазақты құртатын жалған популизм, әсіресе спортта. Менің соған көзім жеткен”, — дейді ол.