Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Ол Аман Тасығанға берген сұхбатында бірнеше жыл бұрын спортпен қоштасуға оқталғанын да жасырмады.
”3-4 жылдың көлемінде жағдайымыз жақсы. Еңбегіміздің жемісін енді көріп жатырмыз. Үйде ішетін су, жейтін нан толық бар. Төбелесіп жүргендегі бірінші мақсаттарымыздың бірі сол ғой, жағдай жасау. Қалтамыздың қалыңдағанын қалаймыз. Басында 2013-2019 жылдар аралығында айлық болмады. Кез келген еркектің мойнында сынақтар болады. Сондай дүниелердің бәрінен шүкір, өтіп кеттік. Енді әке-шешеміз көрген сынақты мен де, әйелім де көрген жоқпыз. Бірақ, бір еркектің басына түсетіндей дүниелерді көрдім. Үйленесің, дүниеге балаң келеді. Бірақ өзің пәтер жалдап жүресің, жаттығуға ақшаң жоқ, автобуспен жүресің. Сол нәрселер адамды қажытып жібереді. Ол 4-5 жыл қайталана берсе, мына спортты қоя салайыншы, нәтиже болып жатқан жоқ. Оданда 300 мың теңге жалақысы бар күзетші болып жұмысқа тұрсам, тұрақтылық бар. Ал мына жерде бірде жекпе-жек бар, бірде жоқ. Тұрақты айлығың да, лигамен келісімшартың да жоқ деп ойланып қаласың. Туысқандар да “ертең жарақат алып қалатын болсаң, ешкімге керек болмай қаласың, бала-шағаңды кім бағады” деген кездерде ойланып қалатын кездер болды”, — дейді ол.
Сондай-ақ, ол жас спортшыларға да ақыл-кеңесін айтты.
”Әрбір жеңіс — өзіңнің жеңісің. Өзіңнің тапқан наның, нәпақаң. Саған біреу бір нәрсе бөліп беруге міндетті емес. Бізде “қазір мынаны алсам, ағам көлік сыйлайды” деп ойлайтын боксшылар бар. Ондай ойды шығарып тастау керек. Қанша рет белбеу ұтып келдім. Ол кезде жаспын, “қазір мынау шақырады, көлік береді” деп ойладым. Сол заттар болмай қалған кезде ренжіп, “неге маған назар аударылмады” деп миымды сондай ойлардан тазалап тастадым. Барлығы өздерің үшін. Маңдайларыңа бұйырған зат сендерден алысқа кетпейді. Бастысы, сол сәт келген сабыр етсеңдер, бәрі болады. Бастаған ісіңнен таймау керек. Ешкімге арамдық ойлама, өсектеме, артынан әңгіме айтпа. Сол кезде жеңіл жүресің”, — дейді ол.