Жарияланды: 540

Лондонда қазақ күресінен болашақтық студенттер арасында «Болашақ Барысы» турнирі өтті

Лондонда қазақ күресінен болашақтық студенттер арасында «Болашақ Барысы» турнирі өтті

1 қараша күні Лондон қаласында "Болашақ" бағдарламасымен Англияда оқитын студенттер арасында қазақ күресінен өткен "Болашақ Барысы" турнирі өз мәресіне жетті.

Бұл туралы «Қазақ Барысы» қорының баспасөз қызметінен хабарланды.

Қазақ Хандығының 550 жылдық мерейтойына орайластырылған турнирді «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры мен «ҚазАльянс» қауымдастығы ұйымдастырған болатын. Лондонда өткен турнирде 74 келіден жоғары салмақ дәрежесінде  барлығы 16 балуан қатысты. Олардың арасында Айдар Қойшыбаев 1-орын, Асқар Шарапатов 2-орын, Дәурен Дубербаев 3-орынға ие болды. «Болашақ Барысы» турнирінде халықаралық дәрежедегі төреші Нұрлыбек Ермағамбетов пен ұлттық дәрежедегі төреші Ерлан Естек  төрелік етті.

«Тәуелсіздік алған жылдардан бері қарай қазақ күресі қарыштап дамып келеді. Соңғы бес жыл ішінде ұлттық күрес жаңа сипатта өркендей түскенін ерекше атауға болады. Республикалық «Қазақстан Барысы», халықаралық «Еуразия Барысы», бүкіләлемдік «Әлем Барысы» секілді жобалар соның дәлелі. Осы арқылы қазақ күресіне жұрттың ерекше ықыласы ауып, сүйіспеншілігіне бөленді. «Болашақ Барысы» турнирі осындай тың жобалардың жалғасы болып отыр», - делінген баспасөз баянында.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін