Жарияланды: 660

Мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаеваның біз білмейтін құпиялары

Мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаеваның біз білмейтін құпиялары

Жақында қызылордалық он бес жасар Элизабет Тұрсынбаева мәнерлеп сырғанаудан Канаданың Барри қаласында өткен

халықаралық Skate Canada Autumn Classic турнирінде ересектер арасында үздік атанса, АҚШ-тағы «ISU GP 2015 Progressive Skate America» мәнерлеп сырғанау Гран-при додасында төртінші орынға табан тіреп, қазақ елінің мерейін бір көтеріп тастаған болатын.

Спорттың бұл асау түрі анау-мынау спортшыларға құрық салдыра бермейтінін ескерсек, қазақтың қаршадай қызының көрсеткен жетістігі барша Алаш жұртының мақтанышы екені анық.

Бүгін болашағынан зор үміт күттіріп, жас та болса, жасындай жарқырап келе жатқан Элизабет Тұрсынбаеваның әкесі Байтақ Тұрсынбаев ҚазАқпарат ХАА-де қонақта болып, қызының спорт әлеміне қалай келгені туралы әңгімесімен бөлісіп, тілшілеріміздің сұрағына жауап берді.

Мәнерлеп сырғанау спорты елімізде кенже дамыған спорт түрлерінің бірі. Қызыңызға бұл спорт түрін таңдауға не түрткі болды?

- Менің үш балам бар. Элизабет ең кішісі. Кішкентай кезінде денсаулығы нашар болды. Өте көп ауыра беретін. Алдында Арман, Тимур деген екі ағасы бар. Ең әуелі спорттың бұл түрімен екінші ағасы Тимур айналысты. Біз ол кезде Ресейде тұратынбыз. Тимур көптеген жарыстарға қатысып жүлде алып жүрді. Біраз биіктерді бағындырды. Сосын, Элизабетті де ағасының қасында жүрсін, бір жағы спортпен айналысса, денсаулығына пайдасы тиер деген мақсатпен спорттың осы түріне алып бардық.

Ол кезде қызыңыздан болашақ чемпион шығады деп ойладыңыз ба?

- Жасырары жоқ, ол кезде ондай ой болған жоқ. Сол кездегі анасы екеуміздің басты мақсатымыз қызымыздың денсаулығын уақытша спортқа беру арқылы қалпына келтіру болатын. Ары қарай спортты жалғастырады деген ойда болған жоқ.

Спортқа неше жасынан бастап барды?

- Бес жасынан бастады. Негізі төрт жаста болғанда ағасымен еріп, мұз айдында алғаш сырғанап үйрене бастады. Кейін, өзінің де қызығушылығы артып, бос уақыты болса мұз айдынға барып жаттығу жасайтын болды. Сосын, біз арнайы жас жеткіншектерді тәрбиелейтін үйірмелерге жаздырып, тәрбиешілерге тапсырдық.

Қай спорт түрі болсын, балаларды қабылдағанда бейіміне қарай, ерекшеліктеріне қарай сынақтан өткізіп, сосын барып, талдап алып жатады. Ал Элизабет бұл басқыштардан сүрінбей өтті ме?

- Иә, оңай еш нәрсе жоқ. Қызымды бірінші ағасы жаттығатын үйірмеге алып бардым. Олар қабылдамады. Сосын, қызымды екі-үш айға айран-сүт ішіп, кішкене қуаттанып келсін деп ауылға ата-әжелерінің қолына жібердім. Келген соң тағы бір үйірмеге алып бардым. Олар да алғашында ауылдан келген ештеңе білмейтін бала деп алмай қойды. Сонда да қайта-қайта барып жүріп, үш ай бойы хат жазып, кіргіздім. Олар «үш ай сынап көреміз, осы уақытта еш нәтиже болмаса бізге ренжімейсіз», - деді. Бірден келістім. Үш ай өтті. Қызым ұстаздарының көңілінен шығып, әрі қарай қалды. Тіпті, сол үйірмедегі ең үздік балалардың бірі атанды. Өз құрбылары арасындағы Ресейдің ішкі біріншіліктерінде ешкімді шақ келтірмей, биіктерден көріне бастады.

Ал Қазақстанға қашан келдіңіздер? Қай жылдан бері қазақ елі атынан сынға түсіп жүр?

- Мен өзім Қызылорда облысының тумасымын. Белгілі бір себептерге байланысты 1992 жылы Мәскеуге көшіп бардық. Үлкен ұлым осы  Қазақстанда туды. Ал екінші ұлым мен Элизабет Ресейде дүниеге келді. Сосын, 2013 жылы Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың тікелей шақыруымен ата-жұртымызға қайта көшіп келдік. Осы жылдан бастап қызым қазақ елінің атынан сынға түсе бастады. Міне, қазір айналдырған екі жыл ішінде өз елінің туын жамылып, намысын қорғап, биік белестерге қол жеткізіп, еліміздің мәртебесін көтеріп жатыр.

Ресейде бұл спорт түрі кең ауқымда дамығанын, жаттығуға барлық жағдайлар жасалғанын жақсы білеміз. Сондай ортадан шығып, облысқа келгенде Элизабеттің жаттығуына кері әсері болған жоқ па?

- Ондай болған жоқ, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың көмегінің арқасында қызым ештеңеден таршылық көріп жатқан жоқ. Оның жаттығуына, жарыстарға баруына барынша қолдау көрсетіп келеді. Сондай-ақ, Қызылорда облысының «ҚазГермұнай» компаниясы да әркез бізге көмектесіп келеді. Оларға алғыстан басқа айтарым жоқ.

Қызыңызды қаржы тапшылығынан жарыстарға апара алмай қалған кезіңіз болды ма?

- Жоқ, ондай болған емес. Әйтеуір шақырған жарыстардан қалып көрген емес. Бірақ, бұл қаржыны көп талап ететін спорт түрі. Қызым әлі кішкентай, бір жағы бұл спорт түрі оқыстан тайып, құлап қалатын болса, аса қауіпті спорт түріне жатады. Сол үшін шетелдерде өтетін жарыстарға жеке бапкерінен бөлек не мен, не анасы еріп баруына тура келеді. Оның барлығы көп қаржыны талап етеді. Бірақ, осы өз еліміздің, Қызылорда облысының қолдауымен бәрі ойдағыдай болып жатыр. Болашақта қызымды бұдан да биік белестерден көру үшін басқа да жолдар қарастырып, барымды салып жатырмын.

Элизабеттің Қазақстанда қарсыластары бар ма? Бар болса кімдерді атар едіңіз?

- Дәл бүгінгі таңда ешкім жоқ. Бірнеше рет Қазақстан біріншілігінде құрбылары мен Элизабеттің жарыстағы көрсеткіші арасындағы бал 40-50 балл айырмашылығын көрсетті. Бұл үлкен алшақтық. Бірақ, елімізде спорттың бұл түріне деген қызығушылық өте жақсы. Әлі талай жастар жарқырап шығады. Мен оған сенемін.

Спорттан басқа қандай ерекшеліктері бар? Бос уақыттарында немен айналысады?

- Қазір мүлдем бос уақыты жоқ десем де болады. Спорттың сыртында музыкаға қызығады. Екінші сыныптан бастап, музыкалық мектепке барды. Сегіз жыл мұз айдынға барып жүріп музыкалық мектепті де бітірді. Мұз айдында сырғанап жүріп, скрипка да ойнай береді. Ал үйде қолы қалт ете қалса болды сурет салғанды ұнатады. Суретті де керемет салады. Сондай-ақ, тамақ пісіргенді де өте жақсы көреді. Кейде ол үйде болып, біз жұмыстан кеш келгенде тамақтың неше түрін дайындап қояды.

Әңгіме басында кіші ұлыңыз Тимур да осы спорт түрімен айналысқаны туралы айттыңыз. Ол кейін спортпен айналыспай кеткен сияқты...

- Иә, шетелге бір жарысқа барып жүріп, ауыр жарақат алып қалды. Содан кейін, қазір ем қабылдап жүр. Бірақ, арасында жаттығуын тастамайды. Егер денсаулығы қалпына келіп жатса, мұз айдынға қайта шығуға дайын.

Әңгімеңізге көп рахмет! Алла ұл-қызыңызға қуат беріп, қазақтың көкбайрағын Олимпиада тұғырында желбіретуге нәсіп етсін...

- Әумин! Сіздердің ұжымдарыңызға да үлкен шығармашылық табыстар тілеймін...

null
null

                                                                                                                               Сұхбаттасқан Күнсұлтан Отарбай

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін