Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Спортшы кейінгі бірер аптада жанкүйерлер арасында “Артем базарынан шыққан чемпион” деген лақап атпен танылып жүр. U-Sport YouTube арнасына берген сұхбатында ол спорттық мансабының қалай басталғанын баяндап берді.
”Жастайымнан саудаға икемім жақсы болды. Шымкентте тұрған кезде де жарапазан айтып, ақша табатынмын. Үйде жағдай болса да үйде жата алмайтынмын. Тыпыршып жүремін. Астанаға көшкеннен кейін анамның достары базарда көкөніс сататын. Маған ақша төлемесе де соларға еріп кететінмін. Саудаласқан, жұмыс істеген қызық болды. Содан бастап базардың айналасында жүрдік. Әлі жалғастырып келе жатырмын. Спортты да бірге алып жүрдім. Бірінші футболмен айналыстым. Шымкентте “Ордабасыда” кішкентайлардың арасында ойнап жүрдім. Астанаға көшіп келгеннен кейін ағам футбол клубына жазды. Ол жақта орыстар мені “қайтты ойнайды” деп тиісіп, көре алмады. Футболдан қайтып келе жатқанда үш орыс тепкілеп, ұрып, жабылып кеткен еді. Сол кезде ағам мені өзі барып жүрген джиу-джитсуға алып кетті”, — дейді ол.
Сондай-ақ, ол чемпиондық белбеу үшін тәжікстандық Бежан Ходжалиевпен өткен жекпе-жекке дайындалу мақсатында базардағы әріптес-достарынан қаржылай көмек сұрағанын да жасырмады.
”Жекпе-жекке 3,5 ай дайындалдық. Оңай кездесу болмайтынын білдік. Ақтөбе қаласында “Еркін күш” деген залда оқу-жаттығу жиынын өткіздім. Айбек деген жаттықтырушымен дайындалдым. Бірақ бізде ақша болмады. Әбілқайыр деген досыма “базардағы жігіттердің чатына жазып, ақша жинайық” деп айттым. Өйткені әрқайсысы 5-10 мыңнан берсе де біз үшін үлкен көмек болатын болды. Достарым 500-600 мың теңгедей жинап берді. Бірақ, пәтер, жол ақысы, витаминдердің барлығына ол ақша жетпейтін болды. Сол кезде “Артем” базарының иесі Бауди Абуевич көмектесті. Ағам ол кісіге жағдайды айтқан екен. Ол кісі қолдауын көрсетті, Алла разы болсын”, — дейді ол.