Жарияланды: 30

Месси алты айға ұлттық құрамадан шеттелуі мүмкін

Месси алты айға ұлттық құрамадан шеттелуі мүмкін

Оңтүстікамерикалық футбол конфедерациясы Аргентина құрамасының шабуылшысы Лионель Мессиге 2019 жылғы Америка Кубогында көрсеткен оғаш қылығы үшін ойындардан шеттету мерзімін қайта қарап, алты айға дейін ұзартуы мүмкін.

Бұл туралы Prosports.kz хабарлайды.

Сәрсенбі күні Месси бір матчқа шеттетіліп, оған $1,5 мың көлемінде айыппұл салынды. Сондай-ақ, 32 жастағы шабуылшының 2022 жылы Катарда өтетін әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі алғашқы кездесуге қатыспайтыны айтылған еді.

Америка Кубогы барысында Месси бірнеше шулы оқиғаның қатысушысы болды. Олардың мән-жайы анықталған жағдайда ойындардан шеттетілу мерзімі ұзартылуы мүмкін. Аталмыш мәселенің шешімі келесі аптада белгілі болады.

Месси Америка Кубогының жартылай финалында Бразилия командасымен өткен матчтың нәтижесіне қатысты төрешілер тарапына сын айтқан. Ойында аргентиналықтар алаң иелерінен 0:2 есебімен жеңілген еді. Сондай-ақ, футболшы турнирдегі төрешілер құрамына наразылық ретінде марапаттау рәсіміне қатысудан бас тартып, Чили командасымен үшінші орын үшін өткен кездесуден (2:1) кейін Оңтүстікамерикалық футбол конфедерациясын жемқорлыққа батты деп кінә тақты. Матч барысында Месси теріс қылығы үшін алаңнан қуылды.

Аргентина құрамасының құрамында Месси 2008 жылғы Бейжің олимпиадасында алтын медаль, 2014 жылы Бразилияда өткен әлем чемпионатында күміс жүлде жеңіп алған еді. Футболшы бес мәрте әлемнің үздік ойыншысы деп танылған.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін